• Бас бет
  • Жаңалықтар
  • Қарағанды облысы Нұр-Мүбарактағы аймақ студенттеріне жәрдем жасау мәселесін қарастырмақ

Қарағанды облысы Нұр-Мүбарактағы аймақ студенттеріне жәрдем жасау мәселесін қарастырмақ

07/09/2017

Нұр-Мүбарак университетінде Қарағанды облысынан 60 шәкірт білім алуда, оның 21-і ақылы бөлімде.


Жаңа оқу жылының алғашқы аптасында-ақ Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдері Нұр-Мүбарак университеті студенттерімен арнайы жүздесті. Басты мақсат: аймақтан келіп білім алушыларға қолдау көрсетіп, болашақ түлектерді өңірге жұмысқа тарту.

— Қазір облысқа қажетті 12 теолог маманның орны бос тұр. Дайын маман болса, бүгін қабылдауға біз әзірміз. Биыл ғана осы Нұр-Мүбаракты тәмамдаған түлектер бізде белсене еңбек етуде. Бірі әкімшілік саласында, енді бірі имам болып. Сондықтан болашақта сіздердің араларыңызда да өңірге барып қызмет ететін мамандар болады деген үмітитеміз,-деді Қарағанды облысының Дін істері басқармасы жанындағы діни орталық директоры Төлеу Мұхтар мырза.

Ал Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай мырза облыс әкімі тарапынан білім алушы жастарға қаржылай көмек, стипендия бөлу мәселесі де қарастырылатынын жеткізді. Оған әрине бұл салада көші ілгері Қызылорда облысының тәжірибесіне сараптау жасалатынын айтты. Студенттердің оқуақысы, жатақхана, шәкіртақы секілді қосымша қолдаулардың барлығы шәкірттердің білікті маман болуы үшін жасалатын жағдайлар. Сондықтан қарандылық қамқоршы шенеуніктер білікті ұстаздардан барынша тағылымды біліммен қоса тәрбие алудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ көптілділіктің де маңыздылығы қозғалды, уақыт талабынан туындаған бұл мәселе маманның артықшылығын да аңғартпақ. Студенттер де өз ұсыныстары мен пікірлерін ірікпей ортаға салды. 

Қазір Нұр-Мүбарак университетінде Қарағанды облысынан 60 шәкірт білім алуда, оның 21-і ақылы бөлімде. Сондықтан бұл шәкірттер мемлекеттік білім грант иелеріне қарағанда қолдауға аса зәру екендігі айтпаса да түсінікті.

Қарағандлылық шенеуніктер студенттердің ұсыныс-пікірлері ескерілетініне уәде берді.