Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Қашықтан оқыту –  заманауи білім беру жүйесінің болашағы

19/04/2020

Коронавирустық инфекцияның карантиндік кезеңінде  Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті қашықтан оқыту технологияларын  қолға алды. Бүгінгі таңда студенттер қашықтан оқу жүйесі бойынша 5 аптада білімдерін жалғастырып отыр. Осы тұрғыда университеттегі онлайн оқу форматы туралы жүйе администраторы және оқытушылар мен студентер пікірін білген едік.

Бердібеков Серік, жүйе администраторы: «Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіміз де оқытушылар мен студенттердің өмірін бірінші орынға қойып, қауіптің алдын алу үшін дер кезінде қашықтан білім беру жүйесіне көшті. Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар саласымен тығыз байланыста болған қашықтан білім беру технологияларын сәтті қолданып, білім беруді жалғастыруда».

Азамат Жамашев, аға оқытушы: «Ислам ғалымдарының білім беру жүйелерін қарастырып, зерттейтін болсақ, олар негізгі мына 3 тәсілді қолданған. Біріншісі – ұстаз сабақ түсіндіріп, шәкірттер тыңдайды. Екіншісі – шәкірттер үйренген сабағын тапсырып, ұстаз тыңдап, дұрыстайды. Үшіншісі – ұстаз өзі жинаған барлық мәліметтерін шәкірттеріне пайдалануға береді.

Қашықтан оқыту жүйесінде де аталған әдістерді қолдана отырып,  сабақтарды жүргізуге болады. Яғни оқытушы сабағын толық түсіндіріп, студенттен тапсырмаларын кемшіліксіз қабылдай алады.

Қазіргі уақытта Нұр-Мүбарак университетінің студенттері  онлайн режимде оқып жатыр.

Тапсырмаларды жіберу барысында видео жазбалардың көлемі ұлғайып, интернеті нашар студенттерге қолайсыздық тудыратын жағдайларда аудиоға лекцияларды жазып жібереміз. Мысалы, «Ислам тарихы» пәнінен өтетін лекцияларымыздың негізгі түсіндірілетін тақырыптары мазмұндық жағынан ауқымды болғандықтан, аудиоға жазып жіберу тиімдірек. Себебі, 20 жылдық не 30 жылдық басқа уақыттарда I ғасырлық оқиғаларды ықшамдап түсіндіруге тура келсе, 2 жылдық уақытты 50 жылдық оқиға іспеттес жеткізу қажет болады. Сондықтан, мұндай жағдайларда аудио арқылы сабақтарымызды жалғастырып отырамыз. Ал семинар сабақтарын оқыту жүйесін әртүрлі әдіс тәсілмен watsup, telegram, zoom, platonus іспеттес программалардың көмегімен әр апта жүйелі түрде кері байланыс жасау арқылы жүріп жатырмыз».

Сиқымбаева Дамира, доцент м.а. PhD: «Қашықтан оқыту мәселесін НМУ басшылығы елімізде әлі төтенше жағдай жарияланбай және карантин басталмай тұрып көтере бастаған еді. Дінтану кафедрасының оқытушы-профессордың бірқатар бөлігі өз пәндері бойынша аудио және видео дәрістерін даярлап, түсіре бастаған. Сондықтан, оқытудың бұл түріне көшу туралы алдын ала естіп, іштей дайындалып жүрдік. Өзімде осылай оқыту туралы бірқатар күмәндар мен қорқыныштарым болғанымен, іс жүзінде қиын болған жоқ.

НМУ басшылығы бекіткен telegram channel, zoom, plotonus платформалары арқылы қашықтан оқыту әдістерін жүзеге асырып отырмыз. Дәріс және семинар сабақтарымды ZOOM платформасында онлайн өткізіп жүрмін. Бұл платформа студенттермен тікелей байланыс жасауды, кері байланысты тез орнатуды қамтамасыз етеді. Кесте бойынша дәрістерді өтпес бұрын, НМУ сайтындағы Plotonus жүйесіне, сонымен қатар Telergam каналға дәріс тақырыбы бойынша презентация мен қосымша материалдар, семинар тақырыбын алдын ала жүктеп қоямын. Ал студенттер олармен алдын ала танысуға немесе дәріс барысында көз алдында материалдарды түсінуге мүмкіндік алады.

Студенттермен студенттермен кері байланыс әдеттегі оқу барысындағыдай жиі әрі жүйелі ретке қойылған. Интернетпен байланысқа шыға алмай қалған жағдайда, студенттер телеграм арқылы кері байланыс орнатып отырады.

Бізде барлығы әдеттегі қалыппен жүріп жатыр. Мысалы, кеше біз кафедра оқытушылары мен магистранттармен бірігіп, магистранттардың диссертацияларын ZOOM платформасы арқылы алдын ала қорғауды ұйымдастырдық. Үш сағатқа созылған конференцияда рецензенттердің диссертацияға қатысты айтылған кемшіліктер талқыланып, кеңестер берілді. Магистранттар да өздерінің ғылыми жұмыстарына қатысты сұрақтарын тікелей қойып, жауап алуға мүмкіндік алды. Қашықтан оқытуда қиындықтар болған жоқ. Керісінше, белгілі бір деңгейде  уақытымды тиімді қолдана алдым деп ойлаймын».

Рысбаева Гүлдархан филол.ғ.д, араб және ағылшын тілдері кафедрасының оқытушысы: «Карантин кезінде студенттер интернет арқылы оқуларын жалғастырып отыр. Бізде қашықтан оқыту – Platonus жүйесі яғни оқу үдерісіндегі міндеттерді ортақ шешуге және оқытушы мен студент, студент пен оқытушының кез келген форматтағы ақпараттық файлдармен алмасуын жүзеге асырады.

Бүгінде сабақтарымыз «Zoom» платформасында мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде онлайн дәрістер және whatsapp, telegram әлеуметтік желілері арқылы онлайн түрде лекция, семинар, практикалық сабақтар жүргізіліп келеді. Берілген уақытқа дейін студенттер тапсырмаларды тапсырып отырады. Сондай-ақ студенттер стандартты веб-браузерді  пайдалана отырып,  оқуға және тест  тапсырмаларын орындауға мүмкіндік алады.

Қашықтан оқытуға байланысты қандай да бір қиындықтарды бастан кешіріп отырған жоқпыз. Бәрі бұрынғы кесте бойынша, лекция, семинар сабақтарымыз өтіп жатыр. Қашықтан оқыту –  оқу үдерісінің оқытушы мен студенттер арасында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы оқу үдерісін жүргізу мен ұйымдастырудың заманауи тәсілі.

Қашықтан оқыту технологиясының дамуы – біздің білім беру жүйесінің болашағы. Бұл жүйе арқылы оқытушылар мен студенттер әлемдік ақпараттармен байланысуға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шыңдауға зор мүмкіндік алады».

Студенттер пікірі

«Исламтану» мамандығында оқитын 1 курс студенті Алпамысов Азамат: «Елімізде орын алған соңғы жағдайларға байланысты әр облыс пен қалалар да кезекті «карантин ережелері» енгізілген болатын. Осы ережелер негізінде студенттер оқуын тоқтатпай, қашықтықтан білім алып жатыр. Әрине, универдегі деңгеймен салыстыра алмаймыз. Дегенмен, қазіргі таңда түрлі бағдарламалар мен қосымшалар негізінде білімімізді шыңдау үстіндеміз.

Zoom, platonus, telegram, whatsАpp арқылы күнделікті сабақтар мен кезекті тапсырмалардың бірін қалдырмай, отырмыз. Оқытушыларымыз студенттерді үнемі бақылап, қадағалауда ұстауда.

Онлайн жүйенің артықшылығы – студенттердің IT саласында сауатының анағұрлым артуы дер едім. Кейбір оқытушыларымыздың дәріс өтудегі методикалары тіптен ерекше. Бірде-бір дәрісті қалдырмастан, Zoom қосымшасы арқылы өтіп, семинар тапсырмаларын уақытылы қадағалап, жұмыстарын өте сапалы, жоғары деңгейде жүргізуде. Студенттердің арасындағы бәсекелестікті арттыру мақсатында түрлі апталық сайыстар ұйымдастырып, алға қарай талпынуға үлкен үлесін қосуда. Мысалы, ИКТ пәнінен сабақ беретін  Исабаева Сұлу оқытушымыздың дәріс беру тәсілі өзге ұстаздардан ерекше. Лекция сабақтары мен семинар кездерінде студенттер өте белсенді».

«Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 1 курс студенті Қапбар Гүлзада: Төтенше жағдайға байланысты қазіргі таңда қашықтан білім алып жатырмыз. Оқытушыларымызбен әрдайым кері байланыстамыз. Қашықтан оқу арқылы бұрыннан қарағанда интернетті дұрыс қолдануды, жаңа бағдарламаларды игеріп онымен жұмыс жасауды, камера алдында қорықпай  еркін сөйлеуді үйреніп келеміз. Білім – ізденісті он есе талап ететінін түсіндік».

«Исламтану» мамандығында оқитын  2 курс  студенті Сафиуллин Жансұлтан: «Қазіргі кезде университет пәндері мен қосымша сабақтарымыз онлайн түрде өтіп жатыр. Оқытушыларымыз лекцияларды телеграм, платонус жүйелерінен біздерге жібереді. Сол секілді кейбір ұстаздар лекция, семинар сабақтарын Zoom бағдарламасымен өткізеді.

Үй тапсырмаларын слайд, эссе, зерттеу жұмыстары арқылы тапсырамыз. Университеттен қашықта болғанымен, барлығы өз уақытымен өтіп жатыр. Берілген тапсырмаларды өз уақытында тапсыруымыз керек.

Одан өзге кәсіби бейімділікті арттыруға арналған курстардағы қосымша сабақтарымыз да онлайн түрде өтуде. Орынбасаров Жалғас ұстазымызбен әл-Әзһарлық докторлардың «Тәйсир Лубаб» еңбегін тәмамдаған болатынбыз.

Сабақ беру әдісі бойынша Досымбек Қатранұлының сабағы көңілімізден шығуда. Лекцияларды студенттерге ыңғайлы болуы үшін әртүрлі форматта өткізеді.Бізге мәліметтерді аудиожазба, видео, документ және слайд арқылы жібереді. Одан өзге  әрбір топқа түсінбеген сұрақтарына жауап беруі үшін арнайы уақыт бөледі».

Латипова Салиха, 1 курс магистранты: «Біздің сабақтарымыз көбінесе “Zoom” арқылы өтіп жатыр. Видеоконференцияға арналған қосымшаның ең тиімді жері – біз өзімізді университетте отырғандай сезінеміз. Яғни барлығымыз қосымшаға қосылып, өз ойларымызды, пікірлерімізді жеткізіп сабақты талқылай аламыз және түсінбей қалған жерлерімізді оқытушыларымыздан сұраймыз. Одан өзге оқытушылар лекция және семинар тапсырмаларын телеграм, платонусқа әр апта сайын салып отырады».

Еске салсақ, мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, коронавирустық инфекция таралуының алдын алу мақсатында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті 16 наурыздан бастап  қашықтан оқыту жүйесіне жүйесіне көшті. Онлайн форматта оқытуға байланысты қиындықтар кездескен жоқ. Оқытушылар мен студенттердің сөзіне сүйенсек,  қашықтан оқыту –  заманауи білім беру жүйесінің болашағы.

 

Ұқсас жазбалар