Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Қашықтан оқытуға байланысты қиындық жоқ…

03/04/2020

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаменті  Қазақстан Республикасының президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, коронавирустық инфекция таралуының алдын алу мақсатында 2020 жылдың 16 наурызынан бастап студенттерді қашықтан оқыту режиміне қажет екенін хабарлады. Осыған сәйкес, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің студенттері қашықтан білім алуда.

 

Исламтанушы, магистр, Илесбеков  Бижан: «Қазір еліміздегі төтенше жағдай яғни індетке байланысты білім орындарында қашықтан оқыту жүйесі енгізіліп отыр.

Біздің Нұр-Мүбарак университетінде қашықтан оқытуға байланысты ешқандай қиындық тудырып отырған жоқ. Whatsapp, telegram әлеуметтік желілері мен Platonus жүйелері арқылы семинар, лекцияларымызды жүргізіп жатырмыз. Мәселен, менің Құран жаттау сабағымды  студенттеріме тапсырма ретінде ережелерге сай өз даусыммен оқып, аудио немесе видеоға жазу арқылы  telegram каналыма жіберемін. Олар оны тыңдап, аталған ережелерге сай 1 аптаның ішінде жаттап, оны видеоға түсіріп, маған қайта жібереді. Мен студенттерімнің тапсырмаларды қалай орындағанына байланысты дұрыс, қатесін тексеріп барып, бағаларын қоямын. Қазіргі таңда түсінікті әрі жүйелі түрде сабақтарымыз өтуде».

PhD доктор, Дүйсенбаева Альбина: «Біз карантиндік жағдайда қашықтан оқытуға көштік. Жалпы оқытудың аталмыш түріне өтудің өз артықшылықтары бар. Ол білім үдерісінің тоқтап қалмауы. Сондықтан, қандай жағдай болмасын университет ұстаздары, студенттерге барынша білімді енді жаңа технологиялар арқылы жеткізуге тырысып жатырмыз. Ұстаздар тарапынан аса бір қиындықтар туындамады, яғни барлығымыз бірден жаңа белесті бағындыруға ат салысып кеттік. Ал жалпы осы үрдіс барысындағы кездескен мәселелерге  тоқталсақ: платформа таңдауда кездесті. Нәтижесінде ортақ шешімге келіп, яғни тест сабақтарын өткізе отырып, студент пен ұстазға ортақ нәтижелі платформа таңдалды. Әрине университет сайты алдыңғы кезекте және zoom, tgr, wsp т.б.

Келесі мәселе студенттердің техникалық тұрғыдан дайындығы,  бірдей бір уақытта қосылу, тапсырманы бірден қабылдау мәселелері бойынша  алғашқы аптада кедергілер болды. Оның себептері де бар: жолда болды, жаңа таныс емес жағдаймен кездесті, яғни үйреніскенше, жаңа программаларды меңгергенше уақыт қажет болды. Алайда қазір реттелді.

Келесі маңызды мәселе  –  кейбір студенттердің интернет байланыс жоқ деп уақытында шыға алмауы болды. Енді бұл жағдайда біз барынша, олар байланыс орнатқан уақытты күтеміз, телефон арқылы қоңырау шаламыз, қосымша уақыт береміз, яғни ұстаздар қәзір бұрынғыдан екі есе артық уақыт жұмыс атқарып жатыр десек артық айтқандық болмас.

Қашықтық сабақ беру мен офлайн сабақ берудің аражігіне тоқталсақ, әрине өзің аудиторияда студенттерді тікелей көріп отырып, сабақ беруге қашықтықтан сабақ беру жетпейді. Себебі, екеуінің әдісі екі түрлі, бірақ мақсаты біреу. Қашықтықта оқытуда тікелей байланыс аз. Және ерекшелігі онлайн режимде оқыған студент жинақы болу керек.  Оның психихологиясы ақпаратты алудың тиімді және жедел түріне дайын болуы қажет. Біз қәзір осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз, яғни екі тараптан да уақытты үнемді және пайдалы қолдану» деген пікірін білдірді.

Қашықтан оқу жүйесі туралы студенттер пікірі


«Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығында оқитын 3 курс студенті Сейдалиева Айсана:

Қазіргі уақытта сабақтарымыздың барлығы сабақ кестесі бойынша  онлайн  өтіп жатыр. Ұстаздарымыз өздерінің telegram каналдары арқылы лекцияларын жіберсе, біз үй тапсырмасын  осы ашылған группа арқылы жіберіп отырамыз. Бұл әдіс біздер үшін өте ыңғайлы.

Сабақтарымыз бұрынғыдан қарағанда жеңілдеп кеткен жоқ. Тапсырмаларлы уақытында  кешіктірмей, белгілі уақытта жіберіп отыру керекпіз. Ол үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы арқылы біз өмірде де ширығамыз.

Қашықтан оқытудың  плюсіне келсек, жолға уақыт кетірмей, кез келген жерден дәл сабақ уақытында чатқа қосыла аламыз. Жақсы жері – лекция түсініксіз болса, қайтадан бірнеше рет тыңдай аласыз. Үй тапсырмасын тексеру де сабақтың уақытын алмайды. Сабақ тек тақырыптың ауқымында өтіп, тиімділігі өте артады. Тағы бір маңызды жері – самодисциплина, time-management қалыптастырады. Осылар арқылы студент өз басымен оқып, ізденуді үйренеді.

Алайда, университеттің қадірін бұрынғыдан да түсіне бастадық. Оқу ордамыз бен оқытушыларымызды сағындық. Қоғам мен адамдар арасындағы тікелей қарым-қатынастың қаншалықты маңызды екенін ұғындық. Тіпті Zoom арқылы көзбе-көз бір-бірімізді, ұстазды көріп отырсақ та, лекцияның өзінде отырғандай сабақтан әсер болмайды. Ал менің ойымша, адамдармен тірідей қарым қатынас – білім алуда маңызды. Сондай-ақ студенттің университетте белсенді өмірі оған өмірде керек болатын түрлі дағды береді.  Жан-жақты болып, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасап, тұлға болып қалыптасуына көп әсерін тигізеді. Ал қашықтық оқуда осы жағынан даму мүмкіндіктері шектеулі».

«Исламтану» мамандығында оқитын 2 курс студенттері Сатан Аругул мен Шаекова Шолпан еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қашықтан оқытуды қолдаймыз дей келе, оқытушы Азамат Жамашевтың сабақ түсіндіруі, аудио лекцияларды жіберу тәсілдері ерекше көңілдерінен шығып отырғандығын айтты.

 

Ұқсас жазбалар