Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Қасиетті Құрбан айт құтты болсын!

12/09/2016

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз!  

Құрметті шәкірттер, ұстаздар, әріптестер, отандастар!

Баршаңызды күллі мұсылман қауымының қасиетті мерекесі Құрбан айтпен  құттықтаймыз. Бұл –  Алла Тағаланың тек мұсылмандарға ғана емес күллі адамзатқа деген шексіз мейірімінің белгісі бар ұлық мереке. Себебі Алланы жалғыз Жаратушы, Мұхаммедті (с.а.у) Оның соңғы елшісі деп білетін мұсылман қауымы үшін  Раббымыздың  белгілеген  қос мерекесінің бірі Құрбан айттың тарихы  сонау пайғамбарлар атасы Ибраһимнен  (а.с.)  басталады.

Күллі ғаламды жоқтан жаратқан Раббымыздың разылығы үшін құрбан шалып, өз ниеті мен құлшылығы  арқылы Алланың разылығына бөленуге мұрсат алатын, жомарттық пен қайырымдылықтың, кешірімділік пен мейірімнің дәмін ерекше сезінуге қол жеткізер ұлық мереке. Сондықтан осындай Құбан айтқа ел амандығында есендікпен  жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын.

Бұл мерекенің ұлықтығын құрметтеп, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік мерекелер қатарына қосып, сіз бен біздің емін еркін құрбан шалып, бір бірімізді, ағайын-туысты айттауға мүмкіндік те беріп қойды. «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Байқасаңыз бұл қасиетті күндер пенде үшін Жаратушысымен ғана емес, ағайын-туыс, дос-жаран, жамағатпен етене болуға зор мүмкіндік.

Қасиетті Меккеге аттанған  қажылық парызын өтеуші бауырларымыз  тек өздері үшін ғана емес, еліміз, жеріміз, барша  мұсылман үшін дұға жасап, Алланың мейіріміне бөленеді деген үміттеміз.

Сондықтан Зулхиджа айы басталғаннан құлшылықты ерекше арттырып, Арафа күнін айрықша күтіп, ертесіне айт намазын оқып, құрбан шалып, бір-бірімізге зиярат жасаймыз. «Нұр-Мүбарак» университеті үшін осындай ұлық мерекенің мерейін өсіріп, мән-мағынасын елге таныстырып, насихаттаушы болашақ білгір мамандарды даярлау екі есе жауапкершілікті жүктейтіні рас.

Құрметті ағайын, бауырлар!

Рахымды  Раббымыз  ізгі ниеттеріміз бен салихалы амалдарымызды, шалған құрбандықтарымыз бен қажылықтағы бауырларымыздың ұлы парыздарын, Алла жолындағы қайырымды істеріміздің барлығын  қабыл еткей! Білім жолындағы  шәкірттерге ыждаһат, ұстаздарға ұлағат, ағайынға татулық, елге бірлік, заманымызға тыныштық бергей!

«Нұр-Мүбарак» университетінің ректораты

Ұқсас жазбалар