Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Қасиетті Құрбан айтпен басталған жаңа оқу жылы ізгі жаңалықтарға толы!

31/08/2017

Күллі мұсылман әлемінің ұлық мерекесі, қасиетті Құрбан айт құтты болсын! Бұл халқымыздың өмірінде ерекше орын алатын, сонау кеңес заманында да өз мәнін жоғалтпай ел арасында барынша сақталып келген мереке. Дәл қазір бірнеше мыңдаған отандастарымыз қасиетті Меккеде қажылықтарын өтеп, еліміз, халқымыз үшін дұға-тілектерін жасауда. Біз де оларға тілеулестік білдіріп, әрбір Алла жолында құрбандық шалып, құлшылық етушінің мінәжаттары қабыл болсын демекпіз,-деді Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, профессор Шамшәдин Керім мырза ұстаздар мен қызметкерлер ұжымына.

Мемлекеттік әнұранмен басталған жаңа оқу жылының алғашқы жиыны жақсы жаңалықтарға толы болды. Себебі биыл „Исламтану„ мамандығына 192 талапкер мемлекеттік грант иегері атанды. Ал магистратура, докторантураға бөлімдеріне бөлінген мемлекеттік грант жылдағыдан екі еседей көп. Осының барлығы „Нұр-Мүбарак„ университетіне мемлекет тарапынан зор үміт артып отырғандығының айғағы.

Проректор Ш.Керім мырза университетке жаңадан қосылып жатқан білікті ұстаздармен таныстырды. Олардың арасында әйгілі әл-Азһар университетінің докторлық дәрежесіне ие болған алғашқы қазақ азаматы Құрманғазы Садыбаев, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы, ғылым докторы, профессор Қайрат Затов мырзалар бар. Осылайша университеттің оқытушы-профессорлық құрамы құнды мамандармен толығуда.

Университет жатақханасы Алматы қаласы бойынша жоғары оқу орындары арасында „ең үздік„ санатында болса да, жаңа оқу жылына жаңа жиһаздар, студенттерге қажетті жабдықтармен жабдықталды. Болашақта еңбекақыны жақсарту мәселесі де сөз болды. Жақсы жаңалықтардан тың серпіліс алған университет ұжымы жаңа оқу жылын сенімді қадаммен қарсы алмақ.

 

 

 

Ұқсас жазбалар