Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

ҚМДБ-ның Қызылорда облысындағы өкілдігі  топ бастады!

17/09/2018

 

Нұр-Мүбарак университетіндегі студенттерге аймақтағы ҚМДБ өкілдіктері мен облыс әкімдіктерінің қамқорлығы өнегелі үрдіске айналғаны рас. Жаңа оқу жылының екі аптасы өтісімен бүгін ҚМДБ-ның Қызылорда облысындағы өкіл имамы Болатбек Абуов Нұр-Мүбарак университетіне арнайы ат басын тіреді.

Себебі Сыр өңірінен жалпы 96 студент білім алып жатса, олардың біршамасы ақылы бөлімде. Сондай-ақ олардың жатын орындарына қатысты төлемақы мәселесі де қызылордалық қамқоршылардың назарында. Сондықтан өкіл имам Болатбек Абуов ең әуелі студенттермен жүздесті. Нұр-Мүбарак университетінің Бас хатшысы Рахымжан Әкімбеков өкіл имамды студенттерге таныстырып, сөз берді.

 

Қашанда студенттермен етене Болатбек Абуов әр шәкірттің атын атап, жағдайын сұрап, оқу жылындағы ерекшеліктердің қыр-сыры жайлы сыр алды. Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың тікелей қолдауымен облыстық білім грантының иегері болған Дастан Құрманбаев, аймақта бірнеше жыл қызмет етіп, биыл мемлекеттік білім грантымен докторантуралық бөлімге түсті. Осындай алдыңғы буын өнегелі жастарды үлгі еткен Болатбек Абуов студенттерге әрбір сәтті қалт жібермей білім алуға шақырды:

  • Болашақ білімді жастардың еншісінде. Сіздердің осы еліміздегі бірегей ислами жоғары білім шаңырағындағы әрбір сәтті пайдаланып, ұстаздардан алған білім-тәлімдеріңіз ел ішіне ауадай қажет. Тіпті жазғы, қысқы демалыста аймақтағы мешіттерде жамағатпен танысып, етене еңбек етулеріңіз өздеріңізге де, елге де аса пайдалы, – деп, Нұр-Мүбаракта білім алудың артықшылықтарына тоқталды.

Студенттермен пікірлесіп, естелік суретке түскен өкіл имам Болатбек Абуов жақында ғана университет басшылығында болған өзгерістерге сай, профессор Шамшәдин Керім мырзамен және проректор, доцент Қайрат Құрманбаевпен жүздесіп, университеттің тыныс-тіршілігі жайлы сөз қозғап, оңтайлы нәтиже мен сәттілік тіледі.

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар