• Бас бет
  • Жаңалықтар
  • Қызылорда облысы басшылығы Нұр-Мүбарак университетіне шексіз ризашылығын білдірді

Қызылорда облысы басшылығы Нұр-Мүбарак университетіне шексіз ризашылығын білдірді

02/02/2018

Қызылордалық делегация 2014 жылы қабылданған меморандум бойынша жасалып жатқан жұмыстарға қатысты университетке шексіз ризашылықтарын білдірді.

 

 

Биылғы түлектер мен Сыр өңірлік студенттерді Қызылорда облысының арнайы делегациясы аймаққа жұмысқа шақырды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев:

  • Қазір облысымызда 165 мешіт бар. Олардың көпшілігінде медресе деңгейінде, тіпті жасы 70-тен асып кеткен қариялар қызмет етеді. Сондықтан білімді де білікті жас мамандар ауадай қажет. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың іскерлігімен бізде имамдардың жалақы мәселесі реттелген, жеңілдетілген арнайы бағдарламалар арқылы тұрғын үй алу жағы да бар,-деп жалпы облыстағы діни ахуалмен қатар әлеуметтік бағдарламалармен де таныстырып өтті.

Ал облыстағы Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Бақытжан Камалов мырзаның сөзі де аймақтағы белсенді жұмыстың барысын байқатқандай:

  • Облысымызда экстермизмге қарсы күрес саласына қомақты қаржы бөлінуде. Сондықтан аймақта жат ағым жетегіне ерушілер қатары шамамын 300-дей. Олардың ұстанымында мемлекеттік саясат, билікке қарсылық байқалмайды, дегенмен олармен жекелеп жұмыс жүріп жатыр,-деді.

Облыста қазір негізінен мұнай, уран, күріш, балық шаруашылығы өндіріледі. Елімізбен қатар, алыс-жақын шетелге де экспортталады. Дегенмен халық рухани ілімге мұқтаж екендігі баса айтылды. Әсіресе, әйелдер қауымына білікті ұстаздар қажеттігі айқындықта. Осы арада болашақ түлектер арасында оқуды ары қарай жалғастыру мәселесі бар екендігін ашық жеткізді. Ал оған Қызылордадағы «Мүсірәлі» мешітінің бас имамы Берік Арынов:

— Мен өз тәжірибемнен айтсам, сіздер университеттен кейін ел ішіне барып етене жұмыс істеулеріңіз әлдеқайда тиімді. Себебі халықпен жұмыс істеу барысында ең өзекті сұрақтарды сүзуге, қай саланы жақсылап меңгеру қажеттігіне көздеріңіз жетіп, тәжірибе жинақтайсыздар. Мен Мысырда алғаш білім алғандағы көзқарасыммен қазіргі көзқарасым тіпті алшақ. Болашақта білімімді жетілдіретін болсам, өзіме қажетті негізгі бағыттарымның айқын екенін айта кетейін,-деп өз тәжірибесін мысалға келтірді.

 

Жалпы кездесуден кейін қызылордалық делегация аймақтық студенттермен жекелей сұхбаттасып, жан-жақты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ университет ректоры Жуда Басюни мырзаның қабылдауында болып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың ыстық сәлемін жеткізіп, 2014 жылы қабылданған меморандум бойынша жасалып жатқан жұмыстарға қатысты университетке шексіз ризашылықтарын білдірді.

Жалпы Нұр-Мүбарак университетінде қалыптасқан осы үрдіс көңілге қуаныш сыйлайды. Себебі екі жақты ынтымақ, аға буын тарапынан қамқорлық, жастар жақтан ынта-ықылас анық байқалады. Әсіресе, Қызылорда облысы басшылығының белсенділігі бүкіл елімізге өнеге деуге болады.