Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Мерейлі Мәуліт Нұр-Мүбарак университетін нұрландыра түсті

10/12/2018

Нұр-Мүбарак университетінде биылғы Мәуліт мерекесін «Сағындырған адамзаттың асылы» деп атады. Себебі  күллі әлемге Рахым нұрын ала келіп, бүкіл көркем мінез бен өнегенің өшпес  үлгісін қалдырған соңғы Пайғамбар Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жайлы ғибратты ғұмыр бүгінгі қоғамға, әлемге ауадай қажет. Қасиетті Құран оқылғаннан кейін беташар сөз сөйлеген ректор, профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди:

 

  • Кез келген халықтың, ұлттың өздері құрмет тұтып, қадірлейтін тұлғалары болады. Бірі ғылым, бірі әскери, әдебиет, түрлі салада болады. Ал пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) сондай асыл қасиеттердің барлығын бір бойына жинаған. Ол (с.а.у.) күллі адамзатқа тәрбие берген ұлы ұстаз. Мысалы, біз бүгінде өркениетті әлемде өмір сүреміз дейміз. II дүниежүзілік соғыста қаншама тұтқырдарды тірідей қырды. Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) дұшпандарының өзіне кешіріммен қарап, барлығына бостандық берген, — деп Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың асыл қасиеттеріне тоқталды.

Ал проректор, доцент Қайрат Құрманбаевтың: «Адам табиғатында, болмысында біреуге еліктеу, ұқсау қасиеті бар. Содан адамзат ішінен Алла Тағала Мұхаммедті (с.а.у.) жіберді. Сондықтан бұл жай ғана мәуліт кешін өткізу емес, рухани азық алып, Алла Елшісімен (с.а.у.)  жақынырақ таныса түсу», — деп басталған тағылымға толы сөздері тыңдармандарды тәнті етті. Мәуліт кешін студенттер өздері шығарған өлеңдерінен, күмбірлеген күйден шашу шашты. Ғибратты оқиғалардан көрініс қойып, елімізге танымал өнер жұлдыздары әсем әндерін әуелетті.

Мерекелік кештің қадірлі қонағы белгілі жазушы Смағұл Елубай жүрекжарды лебізін білдіріп, университет ұжымына ризашылығын білдірді. Ұлт мүддесін ұлықтап жүрген елағасына торқалы тойдан шапан жауып, сыйкәде жасалды.

Мерейлі мәуліт кешіне Алматыдағы Қарттар үйінен бір топ қонақ келіп, ғибратқа толы көрініс, сөздерден ерекше толқып, алғыстарын жаудырды. Арнайы жайылған дастарханнан дәм татты. Университеттің Тәрбие және дін істері бөлімі мен Жастар комитеті Пайғамбарымызға (с.а.у.) арналған кештің жоғары деңгейде өтуіне жан-жақты даярланғаны қонақтарды риза етті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар