Мерекелеріңізбен, құрметті Отан қорғаны — Ер азаматтар!

05/05/2017

„Ырыс алды — ынтымақ„ демекші, мұндай өзара сыйластық, әлбетте ұжымдық көңіл күйді көтеріп, бірлікті арттыра түсері даусыз.

 

Мамыражай мамыр айының алғашқы күндері мерекеге толы екені белгілі. Соның бірегейі — Жеңіс мерекесі алдындағы еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін Отан қорғаушылар күні.

Қазақстан Қарулы күштерінің құрылған күні құрметіне белгіленген бұл мереке қарсаңында „Нұр-Мүбарак„ университетінде қызмет ететін ер азаматтар қауымына нәзік жандар ұжымы зор алғыс білдірді.

— Қандай жағдайда да ел басына күн туғанда қазақтың ер азаматтары құрбан болып отырған. Ал бүгінде еліміздегі рухани майданда ынта-ықыласымен еңбек етіп, саналы да білімді, иманды ұрпақ тәрбиелеуге өмірлерін арнаған әріптестер — сіздер барлық құрметке лайықтысыздар,-деді университеттің Кітапхана меңгерушісі Қалбибі Бейісбек ханым Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, профессор Шолпан Борантайқызына сөз беріп.

— Университеттің көшін бастап келе жатқан ер азаматтар! Отан қорғаушылар мерекесін пайдалана отырып, зор алғысымызды білдіреміз. Біздің қазақ қашанда ер азаматын, ұл баланы сыйлаған. Себебі сіздер бір отбасының ғана емес, елдің қамқоршысыздар. Сіздер аман болсаңыздар, еліміз де тыныш,-деді Шолпан Бәйнеш өз сөзінде. Ал „Дінтану„ кафедрасының доценті, ғалым Базар Хамзеева ханым:

— Құрметті университет басшылығы, ер азаматтар! Сіздер үнемі жұмыс барысында біздің атқарып жатқан еңбегімізді елеп, қолдап, құрмет көрсетіп отырасыздар. Шын мәнінде, сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Біз әрдайым оны түсінеміз, бағалаймыз. Сондықтан, университеттегі әрбір жетістік үшін сіздерге алғыс білдіреміз,-деді. Осылайша бүкіл университеттегі қарулы азаматтарға алғыс білдірген әйелдер қауымы „Орамал тон болмайды, жол болады„ деп азын-аулақ сый-сяпат жасады.

Ер азаматтарға жасаған құрметтері үшін университет ректоры, профессор Жуда Басюни әйелдер қауымына алғысын айтып, өмірлерін зор табыс тіледі. „Ырыс алды — ынтымақ„ демекші, мұндай өзара сыйластық, әлбетте ұжымдық көңіл күйді көтеріп, бірлікті арттыра түсері даусыз.