News

Мұнайлы өлке исламтанушы мамандарды күтуде

06/04/2017

MAN AT 2017 1

Бүгін еліміздің батыс өңіріндегі қос бірдей облыстағы ҚМДБ-ның өкіл имамдары „Нұр-Мүбарак„ университетінің биылғы түлектерімен кездесті. Нақтырақ айтсақ, ҚМДБ-ның Маңғыстаудағы өкіл имамы Смаил Сейтбеков пен Атыраудағы өкіл имамы Батыржан Мансұров мырзалар.

Ең әуелі ислам тарихы мен сахабалардың салған сара жолынан сөз бастаған Смаил Сейтбеков биылғы түлектерге нақты ұсыныс тастады. Яғни 12 мешітке наиб имам және Жаңаөзен қаласына 2 әйел ұстаз дәл қазіргі уақытта аса қажет. Әлеуметтік жағдайдың жасалуымен қатар жамағатпен жұмыс істеудің қыр-сырын түсіндіріп өткен маңғыстаулық бас имам ең әуелі ықыластың маңыздылығына тоқталды. Себебі ықылас бар жерде нәтиже де болмақ. Әріптесінің сөзін жалғап кеткен Батыржан Мансұров:

– Ел ішінде бүліктің шығуы білімсіздіктен. Болашақ түлектер алған білімнің зекетін беру жауапкершілігін сезініңіздер. Сонау Пайғамбарымыздың (с.а.у) дәуірінен сараласақ, сахабалар қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларын саялап қалмады, дін жолында тау асып, танымайтын елдерге аттанды. Солардың ықыластарының нәтижесінде бүгінде ислам діні бүкіл әлемге тарады,-деді.

MAN AT 2017 6

Ия, бүгінгі исламтанушы мамандарға тарихтан оқыған сахабалардың өнегесін өмірде қолдану таңдауы тұр. Ерекше айырмашылығы, дін үшін танымайтын жерге емес, өз еліміздің түкпір-түкпірін барып сауаттандыру. Қос имам „Аспандағы айды әперуге уәде бермесек те, қайда барсаңыздар да қазақтың дархан даласы, қазақтың жомарт баласы қарсы алатыны күмәнсіз„-деп жастарға жол сілтеп, жігер бергендей.

Өкіл имамдардың сөзіне қарағанда, қазір жат ағымдарға кеткен жамағаттың беті бері қараған. Мамандар бар ықыласпен жұмыс істесе, елдің де еңсесі түзеліп, имандылықтың өркен жаятынына да дәлелдер баршылық. Сондықтан, таңдау еркі болашақ түлектердің еншісінде.

MAN AT 2017 4

MAN AT 2017 3

MAN AT 2017 2

MAN AT 2017 5

Related news