Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Мұратхан Махмет: Биылғы талапкерлерді қабылдау тәртібінде өзгеріс бар

24/04/2020

Биылғы оқу жылындағы талапкерлерге арналған жаңа ережелер туралы  университет оқу-әдістемелік басқармасының басшысы Мұратхан Махметпен  сұхбаттастық.

– БИЫЛҒЫ ҰБТ ТАПСЫРУДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ТУРАЛЫ АЙТА КЕТСЕҢІЗ?

– Биылғы ҰБТ-ға өтініш қабылдау мерзімі 1-30 сәуір аралығы деп бекітілді. Халықаралық алмасу желісі бойынша шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының бітірушілері мен шетелде білім алған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ адамдар үшін 1 сәуірден 5 мамырға дейін құжат тапсырады.

Алайда, қазіргі төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты құжат қабылдау 20 сәуірден 10 мамырды қоса алғандағы мерзімде жүзеге асырылып отыр.

Биылғы жылғы тағы бір ерекшелік, алғаш рет 086-У нысандағы медициналық анықтама мен ҰБТ-ның қағаз сертификаты электронды сертификатпен ауыстырылды.

Талапкерлер ҰБТ тапсыруға өтіншіті қалай бере алады?

– ҰБТ-ға құжат тапсыру биыл 2 кезеңнен тұрады: 1-Кезең. Бұл кезде барлық талапкерлер online режимінде алдын-ала өтініш беру міндетті. Бұл кезде талапкер ent2020-tipo.testcenter.kz сайты арқылы құжат тапсырады. Сайтқа мәліметтер енгізу өте жеңіл. Ол үшін сайтта тіркеу батырмасын басып, электрондық поштаны көрсетеді. Сол көрсеткен электрондық поштаға талапкерге сайтқа кіруіне мүмкіндік беретін логин мен құпия сөз жіберіледі. Осы арқылы талапкер сайтқа кіреді және ең алдымен өзінің ЖСН (ИИН) енгізеді. Ал ЖСН жоқ тұлғалар университке хабарласса болады.

Талапкер сайтқа мәліметтерді қатесіз енгізуі қажет. Базаға мәліметтер енгізілгеннен кейін банк картасы немесе  Kaspi.kz сайты арқылы тестілеуге қажетті 2242 теңгені төлеп, түбіртек нөмірін техникалық хатшыға хабарлайды.

2-Кезең. Бұл кезең төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін орындалады. Талапкер университет қабылдау комиссиясына сайтымызда көрсетілген құжаттарды  әкеліп тапсырады.

Талапкерлер ҰБТ-ға қатысу рұқсаттамасын (пропуск) қалай алады?

– ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында болады. Талапкер еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін, рұқсаттама алу үшін университетіміздің қабылдау комиссиясына келуі қажет. Рұқсаттама алған әрбір талапкер рұқсаттамадағы өзінің аты-жөнін, қысқартылған немесе толық жылдық оқу түрін және тестілеу тапсыру тілін анық тексеріп алуы керек.

Талапкерлерге емтихан тәртібін қатаң сақтауды ескертеміз. Емтиханға өзімен бірге жеке куәлік, тестілеу рұқсаттамасы, қара немесе көк түсті қаламсап ғана алып кіре алады.

Тестілеуге кіргізу барысында тыйым салынған затпен ұсталған жағдайда түсуші тестілеуге жіберілмейді және ағымдағы жылы ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айрылады. Талапкер тестілеуге өз орнына «бөтен тұлғаны» кіргізуге әрекет жасаса, түсушілер ағымдағы жылы тестілеу тапсыра алмайды.

Сондай-ақ ҰБТ аяқталғаннан кейін  25 тамызға дейін бейнебақылау жазбаларына талдау жүргізіледі. Түсуші тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталған жағдайда, оның ҰБТ мен білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері жойылады.

Тағы бір айта кететін мәселе, ҰБТ-ға қатыспаған немесе шекті балл жинай алмаған тұлғалар ақылы негізде оқу үшін тамыз айында ҰБТ тапсыра алады.

– Биылғы жылы шығармашылық емтихан тапсыруда өзгерістер бар ма?

– Университетіміздегі исламтану, дінтану және теология білім беру бағдарламаларына түсуші талапкерлерлер ҰБТ-ден кейін шығармашылық емтихан тапсырады.  Шығармашылық емтиханға құжат қабылдау 20 маусым мен 7 шілде аралығында, ал шығармашлық емтиханды тапсыру кезеңі: 8-13 шілде күндері өтеді.

Талапкерлер шығармашылық емтиханға дайындалу үшін университет сайтындағы емтихан сұрақтарының үлгісімен танысуына болады.

Жоғары білімді мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру грантының  конкурсына қалай қатысуға болады?

– Талапкерлер грант беру конкурсына 13-20 шілде аралығында құжат тапсыру керек. Бұл кезде талапкер университеттің қабылдау комиссиясына өз өтінішін, аттестат немесе дипломын, 086-У нысаны бойынша медициналық электронды анықтамасын, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін және бар болса  IELTS, TOEFL IBT, TOEFL ITP халықаралық сертификаттарының көшірмесін тапсырады.

Сұхбаттасқан: Ақтолқын ТАЖИКОВА

 

Ұқсас жазбалар