Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

„Нұр-Мүбарак„ ғалымдары Каир конференциясында

15/03/2017

misir 2017 1

Мысыр елінің астанасы Каир қаласында 11-12 наурызда «Терроризмге қарсы Ислам мәдениетін тарату үшін жауапты жетекшілердің рөлі» атты Ислам Істері Жоғарғы Кеңесінің 27-ші Бас Конгрессі өтті. Халықаралық конференция аясында қазақстандық делегацияны бастап барған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын мен ЕАР Уақыптар министрі Мұхтар Жұма кездесіп, екі министрлік арасындағы әріптестікті дамыту жолдары талқыланып, соның ішінде экстремизмнің алдын алу және терроризмге қарсы шаралар да қамтылды. Мысырлық тарап діни лаңкестіктерге қарсы тұру мәселелеріне қатысты қазақстандық сала мамандарына „Әл-Азһар„ университетінде арнайы курстар ұйымдастыруға дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстандағы жоғары білімді діни мамандарды даярлаушы қазақстандық-мысырлық бірлескен жоба „Нұр-Мүбарак„ университетінің болашақ дамуына қатысты сауалдар мен мәселелер де жан-жақты қарастырылды.

Ал «Терроризмге қарсы Ислам мәдениетін тарату үшін жауапты жетекшілердің рөлі» халықаралық конференциясына Таяу Шығыс, Африка, Азия елдерінің дін істер жөніндегі министрлік өкілдері, халықаралық ислам ұйымдары мен ЖОО, ислам әлемінің көрнекті саяси қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар бас қосты. Арнайы шақыртумен елімізден „Нұр-Мүбарак„ университетінің проректоры, профессор Шамшәдин Керім мырза баяндама жасады. ҚМДБ тарапынан Сансызбай Шоқанов мырза және Мысырда ғылыми тағылымдамадан өтуші „Нұр-Мүбарак„ докторанттары Рахымжан Әкімбеков пен Серік Тәжібаев, әл-Азхар университетінде үздік білім алушы қазақ қызы Рабиға Мәлікқызы да қатысты.

5 секциялық бағытта жұмыс атқарған конференцияда қазіргі ислам әлемінде орын алған түйткілдерді шешудің тиімді тәсілдері, әсіресе Таяу Шығыс елдері мен әлемнің түкпір-түкпіріндегі лаңкестік, террористік қауіпке қарсы күрес мәселелері жан-жақты тақыланды. Вице-министр Б.Арын мырза „Терроризм мен оның сын-тегеуріндеріне қарсы тұруда саяси көшбасшылардың рөлі„ секциясында баяндама жасады. Қатысушыларға Б.Арын мырза ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қолдауда Қазақстанның тәжірибесімен таныстыра келе, Елбасының ауқымды бастамаларымен БҰҰ-ның қамқорлығы аясында бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы бірыңғай жүйе құру жолында әлемдік және дәстүрлі діндер Съезінің шақырылымын ұйымдастыру, сондай-ақ „Дін бейбітшілікті қолдайды„ тақырыбындағы жоғары деңгейдегі диалог өткізу, т.б. мәселелерге тоқталды.

Конференция қорытындысы бойынша діни ұстаным-салтына, нәсілі мен түсіне сай кемсітушілік пен кибертерроризмге қарсы қажетті заңды шараларды қамтамасыз ету арқылы сенім иелері арасында жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған „Бейбітшілікті таратудағы Каир құжаты„ қабылданды.

misir 2017 2

misir 2017 5

misir 2017 4

Ұқсас жазбалар