Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

„Нұр-Мүбарак„ ғалымдары Орталық Азия елдеріндегі дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы өз пікірлерін білдірді

24/05/2017

Бүгін Алматы қаласында „Орталық Азия елдеріндегі дәстүрлі емес діни ағымдар идеяларының таралуының алдын алу„ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталды. „Нұр-Мүбарак„ университетінің ғалымдары қатысқан халықаралық жиынға дін, тарих, философия, саясаттану, құқық, әлеумет, әдебиет, филология, білім беру салаларының ғалымдары мен мамандары, БАҚ пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, еліміздегі дәстүрлі емес діни ағымдарға қатысты сан-салалы түйткілдерді ортаға салды.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің орынбасары Берік Арын мырза жалпы елдегі діни ахуалға қатысты шолу жасап, қатысушылардан жаңа бастама, тың идеялар күтетінін жеткізді. Сондай-ақ, ҚР Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі секторының меңгерушісі Ғалым Шойкин мырза еліміздегі діни ахуал жіті назарда, қашанда ел қауіпсіздігі маңызды екендігін айта келе конференцияға сәттілік тіледі.

Нұр-Мүбарак„ университетінің ректоры, профессор Жуда Абдулғани Басюни әлемді алаңдатқан лаңкестік әрекеттердің дінге қайшылығы мен шариғи талаптарға тоқталды. Ислам атын жамылған кез-келген жойқын көріністің дінмен ешқандай байланысы жоқ екендігін ғылыми негіздермен жеткізді. Ал проректор, профессор Шамшәдин Керім мырза білім алудың тәжірибелік маңызына тоқталды. Себебі, қарапайым адамдар кез-келген бүлікке сауатсыздық пен надандықтың нәтижесінде еруді. Ал оның алдын алудың бірден бір жолы діни мамандарды даярлаудың маңыздылығын нақты іс-тәжірибемен байланыстырып өтті.

Үш пленарлық сессияға бөлінген конференцияны „Ислам„ және „Христиандық„ тақырыптары бойынша секциялар жалғастырды. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы мен әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті, „Салауат„ Білім беру-мәдени орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл халықаралық конференция соңында арнайы қарар қабылдап, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтетін жыл сайынғы дәстүрлі іс-шара деген мәртебе беруді жөн санауда.

Ұқсас жазбалар