«Нұр-Мүбарак ханшайымы – 2018» жоғары деңгейде өтті!

13/04/2018

Байқауға қатысқан 11 ару да ханшайым атына лайық екендіктерін аңғартты.

Білімді де ибалы, инабатты да өнегелі қыз бала тәрбиелеу, келін түсіру  әрбір ата-ананың арманы. Ал бүгінгі жаһандану кезінде қазақтың салт-дәстүрін сақтап, ата-ананың үмітін арқалаған  иманды арулар теңіз тұңғиығындағы інжудей  екені өмір шындығы. Сондықтан ізгілікті дәріптеп, ілім-білімді насихаттап, өнегелілікті өркендету мақсатында Нұр-Мүбарак университетінің «Қыз Жібек» қыз-келіншектер клубының жетекшісі студент Қарлығаш Мақсұтбайдың белсенділігі  мен Дін және тәрбие бөлімі «Нұр-Мүбарак ханшайымы – 2018» байқауын өткізді. Бұл қыз сыны сайысына университеттегі иманды арулардың арасынан іріктеліп 11 үміткер қатысып, өз топтарының намысын қорғады.

Бес сатыда өткен байқауда: өзін-өзі таныстыру, үздік қолөнер, өнер сайысы, сән үлгісі, білім мен дәстүр салт-дәстүрге қатысты сауалдарға жауап бойынша үздіктер анықталды. Алғашқы бөлімде 11 қыздың бірі өздері жайлы әнмен таныстырса, енді бірі өлеңмен өрнектеген, енді бірі арнайы қойылыммен жеткізген. Ал екінші шарт «Үздік қолөнерде» қыздар бірінен-бірі өткен өнерлі, шебер, аспаз  екендігін дәлелдеді. Төгілтіп көйлек, тіл үйірер түрлі-түрлі тағамдар, ұлттық ас-дәм, моншақтармен өрнектелген бұйымдар, құрақ көрпешелер, әшекейлермен әбзелденген бас киімдер т.б. бұл байқауда қазылар алқасы  қыздардың барлығына жоғары баға қойғаны да жай сәйкестік болмаса керек. Ал «Өз өнерінде» әрбір ханшайым 3 минутта ұлттық аспапта ойнау шеберлігін, Құран аяттары мен хадис, қиссалардан үзінді, мәнерлер оқу, монолог оқу арқылы өнеріне тәнті етуі тиіс. Бұл сайыста озық шығып, кемшін қалып жатқандары да болды. Ал «Сән үлгісінде» қатысушылар заманауи тігілген ұлттық стилде, шариғатқа сай кешкі сән үлгісін көрсетуі тиіс. Бұл да қыздардың талғамы мен шеберлігін сынға салды. Себебі қыздардың көпшілігі университет жанындағы «Сәнім-ай» тігін курсында тәлім алып, киімдерді де өз қолдарымен тіккендерін айта кетейік. Бұл сайыста да қыздар біріне-бірі дес бермейді. Дегенмен «Білім мен дәстүр» ұлттық әдет-ғұрыпқа қатысты қойылған сұрақтарға көптеген дәстүрлер күнделікті өмірде қолданыла бермейтіндіктен кей қыздарға қиындау соғып жатты.

 

Қыздардың білімі мен білігін, ұлттық салт-дәстүрге жетіктігін, шеберлігі мен өнерін сарапқа салған арулар арасынан жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпады. Сондықтан аз ғана айырмашылықпен  2-курс студенті Ықылас Айкен «Нұр-Мүбарак ханшайымы – 2018» тәжіне лайық деп танылып, қазылар алқасының төрайымы Қалбибі Бейісбек ханым шын ықласымен тәж бен қаржылай сыйлықты жеңімпазға табыс етті. Ал салт-дәстүріміздің, ақ кимешектің жанашыры белгілі қоғам қайраткері Ғалия Қайдауылқызы Ұлдәулет Сарсенбаеваны жүлделі 2-орнымен марапаттады, ал 3-орын иегері Ақбөпем Жарекей (1-курс) иеленді. Артықова Дарина (2-курс)  «Үздік көйлек», Гүлдәурен Болтай (2-курс) «Көрермен көзайымы» марапатына ие болды. Қатысушы ханшайымдардың барлығына Нұр-Мүбарак университеті ректорының кеңесшісі Ержан қажы Малғажыұлының атынан Алғыс хат табыс етілді.

Қазылар алқасы бастаған көрермендер тобы бұл байқаудың өте жоғары деңгейде өткенін айтып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға зор алғыспен әрдайым сәттілік тіледі.