Алматы қаласының жоғары оқу орындары арасында өткен спорттық сайыста Нұр-Мүбарак университетінің студенттері әдеттегідей жоғары нәтижеге ие болды. «Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау» атты жоба аясында өткізілген сайысқа 26 команда қатысты. Тартысқа толы додада университеттің намысын қорғаған ұл-қыздар «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанып, тұғыр биігін бағындырды! Атап айтар болсақ, жүгіруден алдына жан салмаған желаяқ Хуандық Бақытберген 400 метр қашықтықта жеңімпаз атанса, жерден кеуде көтеруден Жолдығалиев Аян 2-орын иеленді. Бажен Мағжан гір тасын көтеруде, тартылудан Курманов Айбек 3-орынды місе тұтты. Эстафеталық сында желаяқтарымыз Хуандық Бахытберген мен Касенова Бота мәртебелі 2 орынға ие болды!
Тартысқа толы әрі өте жоғары деңгейде өткен додада жалпы есеп бойынша Нұр-Мүбарак құрамасы 4-орынға табан тіреді. Ұйымдастырушылар: Нұр-Мүбарак құрамасы өте мықты жасақталған, ер балалар да, қыз балалар да жоғары көрсеткіш көрсетті, өкініштісі 3-4 ұпай кем айырмашылығы. Бірақ осының өзі жақсы көрсеткіш,-деп жүрекжарды лебіздерімен қанаттандырды. Жалпы есепке өз үлестерін қосқан спортшыларымызды атап кетсек: ұзындыққа секіру Малыбай Сұлтан, қыздар арасында 400 метрге жүгіруден Абылаева Айтша, ұзындыққа секіруден Сайлаубай Дарияның үлестері жоғары болды .