Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Нұр-Мүбарак пен «Асыл Арна» телеарнасы арасында ынтымақтастық меморандумы қабылданды

07/11/2018

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші Нұр-Мүбарак университеті мен «Асыл арна» телеарнасы арасында ынтымақтастық меморандумы қабылданды. Бұл тарихи сәт жүзеге асар алдында «Асыл арна» телеарнасының Бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабековты Нұр-Мүбарак университетінің ректоры профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди қабылдады. Екі жақты келісімнің еліміздегі имандылықтың, саналы ұрпақтың тәрбиесінде маңызы зор екендігі айтылып, болашақ жоспарларға шолу жасалды.

 

«Нұр-Мүбарак» пен «Асыл арна» арасында осыған дейін де іскерлік байланыс болғанымен, бұл меморандум университеттің ғана емес, еліміздегі имандылық пен отбасылық құндылықтардың насихатшысына айналған телеарна арқылы елімізге ислами құндылықтар мен тәрбиелік бағдарламалар мен туындылардың аясын кеңейте түсері анық. Сондықтан осындай тарихи сәтке университет студенттері мен қызметкерлері де куә болды. Әуелі екі имандылық шаңырағының ел өміріндегі орны, маңызы жайлы басшылар кеңінен айтып, бұл байланысқа зор сенімдерін білдірді. Ректор, профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди: «Асыл арна телеарнасы жайлы біліп жатырмын, қазақ елінде дінімізді, имандылық пен адамгершілік құндылықтарын насихаттайтын телеарнаның болуы өте керемет. Себебі қазір технологияның заманы, адамдар көбіне ғаламтор, ТВ арқылы ақпарат алады. Ал жақсы, пайдалы ақпарат тарату – бұл үлкен еңбек», — деді.

Ал 3 млн-дай тұрақты көрермені бар телеарна басшысы Мұхамеджан Тазабеков: «Бұл рухани саладағы үлкен оқиға. Өйткені «Асыл арна» эфирінен шығатын хабарларда сұхбат беретіндер негізінен осы Нұр-Мүбарак университетінің түлектері. Елімізге белгілі Қайрат Құрманбаевтай үлкен ғалымның келуімен жаңа өзгерістерге жол ашып, әріптестік байланыс меморандум арқылы жүйеленуда. Ынтымақтастығымыз университетке жаңа басшылық келуімен жаңа белеске көтеріліп жатыр», — деді.

Кездесуге сыйымен келген «Асыл арна» төл туындысы, Бұхари хадисіне негізделіп, заманауи үлгіде түсірілген «Шатқал» фильмін ұсынды. Туындыны көрермендер тапжылмай отырып тамашалап, ризашылықтарын жаудырды.

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар