Университетіміз Ливандағы екі әріптес оқу орнымен келісімшарт жасады

17/10/2017

Нұр-Мүбарак делегациясы Ливан Республикасынан жемісті оралды.

 

Халықаралық академиялық қарым-қатынастарды дамыту әрі діни бағытта тәлім беретін оқу орындарымен танысу мақсатында Нұр-Мүбарак университетінің делегациясы Ливан Республикасынан жемісті оралды. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының нұсқауына сай проректор, профессор Шамшәдин Керім, бөлім басшысы Рахымжан Әкімбеков, ғылыми-зерттеу орталығының директоры Алау Әділбаев мырзалар әуелі Триполи университетінің ғылыми-материялдық базасымен, оқу бағдарламаларымен танысып, нәтижесінде екі жақты келісімшартқа қол қойды.

 

 

Триполи университетінің негізін қалаған Қамқорлар кеңесінің төрағасы Шейх Мухаммед Рашид әл-Миқати қазақ делегациясын өте жылы қабылдады. Ал университет ректоры профессор Рафат әл-Миқати бұдан бұрын да Қазақстанда болғанын, еліміздің жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында, әсіресе Сириядағы шиленісті шешу жолындағы Астана платформасының араб елдерінің барлығында дерлік жоғары беделге ие екенін атап өтті. Екі университет арасында оқу-ағарту саласында ресми түрде қол жеткізілген келісімшартқа қуанышын жеткізіп, өзара байланыстың жемісті болуын  қалайтынын атап өтті. Бұл Триполи университетінде елімізге танымал хафиз, исламтанушылар Еркінбек Шоқаев пен Ерсін Әміре тәлім алған. Дәл қазір осы оқу орныда докторанттар – Е. Шоқаев, Ә. Әміре мен Қ. Смағұловтар шет елдік тағылымдамадан өтуде.

Сондай-ақ Триполи қаласындағы әл-Жинан университетімен де келісімшарт жасалды. Университеттің Қамқорлар кеңесінің төрағасы доктор Сәлим Якен әріптес  делегацияны қуанышпен қабылдап, жұмыс стратегиясы, іс-шаралар жайлы айтып,  оқу орнымен таныстырды. Профессор Шәмшәдин Керім мырза да Нұр-Мүбарак университетінің ел дамуындағы орны мен исламтанушы мамандарды даярлаудағы  маңызы, мемлекет тарапынан жасалып жатқан ерекше қаморлық  жайлы хабардар етті.

 

Бүгінде осы қос оқу орнында бірқатар қазақстандық студенттер білім алуда. Нұр-Мүбарак делегациясы жырақтағы жастармен жүздесіп, тыныс-тіршіліктерімен танысты.  Еліміздегі діни жағдай туралы кең көлемді сұхбаттасып, ақыл-кеңестерін де айтты.

Басты жоспардан кейін қазақ делегациясы Солтүстік Ливан облысы және Триполи қаласының муфтиі Мәлік Шағғардың қабылдауында болып, Діни басқарма жұмыстарымен танысты.

Маңызды кездесулер Бейрут қаласындағы Уақыфтар қорына қарасты Ислам университетінің шариғат факультеті деканы доктор Әнас Таббарамен жалғасып, қордың құрылымы, іс-шаралары мен оқу бағдарламаларымен танысты.

Нұр-Мүбарак делегациясы Ливан сапарында Қазақстан Республикасының Бейруттағы дипломатиялық миссиясының басшысы, сенімді өкіл Балтабай Омаровтың қабылдауында болды. Б. Омаров мырза Ливандағы саяси, діни жағдай туралы мәліметтер беріп, университет жұмыстарына табыс тіледі.