Нұр-Мүбарак студенттері жатақханада да жай жатпайды

05/12/2018

Студенттік шақ – білімді арттырып, білік жинауға таптырмас кезең. Себебі хадис-шарифтерде әрбір адам жастық...

Студенттік шақ – білімді арттырып, білік жинауға таптырмас кезең. Себебі хадис-шарифтерде әрбір адам жастық шағын қалай өткізгенінен де сұралатынын білімге ұмтылған жас толқын жақсы біледі. Ал білім алу дініміздің басты талаптарының бірі. Сондықтан Нұр-Мүбарак университетінің студенттері оқу бағдарламасынан тыс уақытта да білімді арттырудың жолын жан-жақты қарастырған.

 

Жатақханадағы студенттер  «Раббым, білімімді арттыр!» деп аталатын интеллектуалды сайысты дәстүрге айналдырған болатын. ІІ турда да Әбу Ханифа, Шафиғи, Малики, Ханбали топтары болып бөлініп, Құран, фиқһ, ақида, сира, араб тілі, шет тілі, тарих, тұлғалар, дәстүр, мақал тақырыптары бойынша сайысты. 10 турдан тұратын тартысты білім бәйгесінде  әрбір төрт тур сайын бір топ ойыннан шығарылып отырды. Алдыңғы өткен білім сайысынан ерекшелігі бұл жолы төрт командаға ретімен әр тур сайын гір тасын көтеру арқылы қоржындарына ұпай санын еншілеу мүмкіндігі берілді.

 

Жоғары курс студенттерінен құрылған қазылар алқасы: Әуезхан Әл-Фараби, Бөкеш Бекарыс, Кудеров Ерсұлтан, Рақымбердиев Жанболат  шынайы білімділерді таңдау үшін біраз бас қатырды. Себебі қатысушылар бірінен-бірі асып түсіп жатты. Нәтижесінде:  І орын – Ханбали тобы (310 ұпай), ІІ орын – Әбу Ханифа тобы  (229 ұпай), ІІІ орын – Шафиғи, IV орын – Малики тобы иеленді. Жатақхананың тыныс-тіршілігін жандандырған білім сайысын ұйымдастырып кейінгі толқынға үлгі көрсетуші төртінші курс студенттері бұндай дәстүрдің сақталатындығына үміт артып отыр.