«Нұр-Мүбарак» университеті ғалымдар тобы  құнды сөздік шығарды

19/10/2016

Ия, бұл Арабша-қазақша  сөздіктің жөні бөлек. Елімізде алғаш рет Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің...

Ия, бұл Арабша-қазақша  сөздіктің жөні бөлек. Елімізде алғаш рет Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің базасында қазақ лексикографиясы саласында лексика-фразеологиялық  қоры аса бай, көркем тілдердің бірі араб тілінің қолданыстағы 50 000-ға жуық сөзін қамтыған көлемді арабша-қазақша аударма сөздігі жарыққа шықты.
Жаңа туынды бүгінгі ақпарат құралдарындағы қоғамдық-саяси мəтіндерді, ғылыми мақалалар мен көркем, діни əдебиеттерді аудару ісінде, тіл үйренуде қажетті құралға айналады деген сенім мол. Себебі қазір еліміз араб елдерімен саяси-экономикалық, оқу-мəдени, сауда т.б. ынтымақтастығын нығайтуда. Сондай-ақ  халықаралық қоғамдастыққа интеграциялануында тіларалық коммуникацияны қамтамасыз ететін аударма саласында айрықша орын алатын арабша-қазақша сөздікке мұқтаждықтың барын күн өткен сайын байқалып келетін.
Бұл әрі әлемнің көптеген елдерімен терезесі тең мемлекет ретінде танылып отырған тəуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тіл мəртебесін биіктетуде маңыздылығы зор. Себебі арабша-қазақша екі-тілді сөздік жасау тілі бөлек, діні бір халықтар арасындағы мəдениеттанымдық, елтанымдық
қарым-қатынастың барысында тілдің нығаюына өзіндік үлесін қосары сөзсіз.

Тарихымыз бен бүгінгі қоғамымыздың рухани өмірінде үлкен орын алған ислам дінін танып-түсінуде, ата-бабаларымыздың араб тілінде жазылған бай мұрасын зерттеуде, сонымен қатар халықаралық форумдар, съезд, конферен-
цияларда араб тілінен қазақ тіліне жəне қазақ тілінен тікелей аударма жасаудағы тəжірибелік қажеттіліктердің туындауы үлкен сөздікке деген қажеттілікті арттырған болатын. Әрі соңғы кезде қасиетті Құран жəне хадис ілімін, ислам негіздерін түпнұсқадан түсініп оқуға талаптанушылар қатары артып, діни мəтіндерді қазақ тіліне аудару ісі де жоғары деңгейде қарқын алуда.

Бұған дейін қысқаша арабша-қазақша бірнеше сөздіктер жарыққа шыққаны белгілі. Сондай алғашқы  еңбектің бірін Cəдуақас қажы Ғылмани 1946 жылы бастап, 1966 жылы аяқтаған болса, одан өзге бірнеше сөздіктер жасалғанымен сөздер түбір негізінде емес, араб əліпбиі тəртібімен орналастырылып келген. Әрі осы кезге дейін жарық көрген 2500, 7000, 11 мыңға дейін сөздер мен сөз тіркестерін қамтыған сөздіктер қазіргі заман талабын толық қанағаттандыруға жеткіліксіз еді. Осы мәселелердің барлығы ескеріліп, жарыққа шыққан жаңа «Арабша-Қазақша» сөздікті  дайындау кезінде Х.К. Барановтың «Арабша-орысша сөздігі» негізге алынып, ол жаңа лексикалармен толықтырылды. Сөздікті құрастыру барысында араб лексикографиясының бай тəжірибесі, əсіресе, классикалық жауһарлар санатына аталатын Ибн Манзурдың (1232-1311) «Лисан əл-араб», Фирузабидидің (1326-1414) «əл-Қамус əл-мухит»
сынды көп томды сөздіктері назардан тыс қалмады. Жаңа кезеңде дүниеге келген «Муғжам əл-арабия əл-муяссара», «əл-Муғжам ал-уасит», «əл-Муғжам əл-уəжиз», «əл-Мунжид əл-əбжад», «əл-Мунжид фи əл-луға уа əл-ағлам» сынды сөздіктерден алынған сөздер қосылды.

Ал осындай еңбекті дүниеге әкелген авторлар құрамына келсек, жоба жетекшісі филол.ғ.д., профессор Шамшәдин Керім, сөздік түзушілер: Ж.Жүсіпбеков, А.Махат, Ы.Палтөра, Д.Есенжан, О.Шаяхметов, Р.Мухитдинов, Қ.Қыдырбаев. ал редакторлар Г.Имашева мен А.Дадебаев. Авторлардың әрқайсысының тіл ғылымы саласында өзіндік орны, тәжірибесі бар ғалымдар және мамандар. Бұл еңбек араб тілі саласындағы мамандар мен шығыстанушылар үшін таптырмас құрал болары анық.

Сөздіктің алғашқы көтерме бағасы – 4 000 теңге.

Біздің мекен-жайымыз: Алматы қаласы, әл-Фараби-73, «Нұр-Мүбарак» университеті;
Байланыс : т/ф 8 (727) 302 -09-30; e-mail: nur-mubarak2001@mail.ru

 

arkazsoz2

 

arkazsoz3

 

arkazsoz4

 

arkazsoz1