Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Нұр-Мүбарак университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өзара меморандумға қол қойды

19/12/2018

Тәуелсіздік мерекесі аясында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің  делегациясы еліміздегі жоғары білімнің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы ат басын тіреді. Құрметті қонақтарды ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов қабылдады. Кездесу барысында  қос оқу орын арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты тиімді тарапта дамыту мәселелері  талқыланды.

Ректор, профессор Мухаммад әл-Жинди жаңа әріптестікке ерекше ықыласты екендігін, бұл жоғары білім саласында ғана емес, қазақ елінің дамуына да жемісті жобалар беретіндігіне сенім білдірді.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов профессор Мухаммад әл-Жинди мырзаға өз алғысын білдіре отырып университеттің жетістіктерімен таныстырып, «Аl-Farabi university smart city», сондай-ақ әлеуметтік жобалардың маңыздылығын атап өтті. Ғалым Мұтанов:«Соңғы жылдары біз университетімізде дінтану және исламтану мамандықтары оқытылып жатыр. Біз білім мен ғылымды ұштастыра отырып студенттерге адамгершілік қасиеттердің де маңыздылығын үнемі түсіндіріп отырамыз. Осы орайда шығыстың ұлы философы әл-Фарабидің ізгілікті қоғам туралы идеяларына негізделген университет 4.0 атты жоғары оқу орындарын дамытудың жаңа үлгісін құрғанымызды ерекше атап өткім келеді. Модель төрт құрамдас бөлікті біріктіреді: білім беру, зерттеу, инновациялық-кәсіпкерлік және рухани-адамгершілік. Жаңа буын университетінің миссиясы, жастарды рухани және адамгершілік қасиеттері жоғары және белсенді азаматтық ұстанымы бар, әлемнің ізгілікті азаматтары ретінде қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар соңғы жылдары дамыған және дамушы елдер исламдық қаржыландыру жүйесін енгізуге белсене кірісуде. Сондықтан да ислам банкингі мен ислам қаржыландыру саласы бойынша магистрлерді дайындауды да қолға алып жатырмыз», — деді.

Нұр-Мүбарак университетінің  ректоры, профессор Мухаммад әл-Жинди университет басшылығына алғысын білдіріп, заманауаи даму қатарында көш бастап келе жатқан Ұлттық университетке өркендей беруіне тілек білдірді. Сондай-ақ Нұр-Мүбарак университетінің ерекшелігі мен дін саласындағы мамандар даярлаудағы артықшылықтарына тоқталды.

Келелі кездесу барысында білім мен ғылым саласы бойынша өзара серіктестікті дамыту мақсатында меморандумға қол қойды. Естелік сыйкәделер жасалып, суретке түсті.

 

Ректор, профессор Мухаммад әл-Жинди, проректор, доцент Қайрат Құрманбаев бастаған делегацияға Ұлттық университеттің қалашығын, басты ғимараттар мен кітапхана, мұражай, Студенттер сарайы, «Керемет» инновациялық орталығы т.б., стратегиялық маңызды орталықтарының қызметтері мен тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Тәуелсіздік мерекесі аясында өткен бұл кездесуде қос тарап болашақ білімді де білікті буын қалыптастыруда маңызды жобаларды жан-жақты талқылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар