Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Нұр-Мүбарак университеті мен «Асыл арна» телеарнасы арасында ортақ жобалар талқыланды

19/10/2018

Елімізде имандылық пен отбасылық құндылықтар және тағылымды жобаларымен өзге телеарналардан оқ бойы озық тұрған «Асыл арна» телеарнасының басшылығы Нұр-Мүбарак университетіне ат басын тіреді.  Құрметті қонақтарды алғаш қабылдаған университет проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев:

 

  • Елімізде, тіпті Орталық Азияда исламтану саласында жалғыз халықаралық университет Нұр-Мүбарак болса, елге дінімізді, имандылықты насихаттап жүрген жалғыз телеарна «Асыл арна» екенін білеміз. Сондықтан сіздермен етене араласуға қашанда дайынбыз. Біздің оқу ордада ислам әлемінің Гарварды әйгілі әл-Азһар университетінің 18 профессоры сабақ береді. Бұл Нұр-Мүбарак университетінің халықаралық деңгейдегі дәрежесін көрсетеді. Болашақта дінге мұқтаждық көбеймесе, азаймайды. Сондықтан ел мен дін игілігі үшін жақсы сапалы мамандар даярлауда сіздермен бірлесіп қызмет етуге әзірміз,-деді.

Ал белгілі қоғам қайраткері, телеарнаның бас директоры Мұхамеджан Тазабеков: «Нұр-Мүбарак университетіне, мешітке ұдайы келіп тұрсақ та, басшылықпен ресми жүздесу алғаш рет. Біз де сіздермен білім жолында, ел игілігі үшін қызметке әзірміз. Біздің ұжым да имандылық жайлы ғалымдар мен өскелең жастардың өнегелі өмірін насихаттауға дайын. Сондықтан екіжақты келісім жасалып, сіздерде де жеке студия ашылуына тәжірибемізбен барынша бөлісе аламыз», — деді.

Оқу орнының игі қонақтары  «Асыл арнаның»  бас директоры Мұхамеджан Тазабеков пен атқарушы директор  Артықбек Болғанбаев мырзаларды ректор, профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди қабылдап, телеарнаның жұмыстары жайлы хабардар болып, ризалығын білдірді. Кездесу нәтижесінде біршама жобалар талқыланды. Яғни Нұр-Мүбарак университеті мен «Асыл арна» телеарнасы арасындағы байланыс бірнеше кезеңге бөлінбек. Әуелі екіжақты меморандум жасалып, телеарна өкілдері студенттермен кездесіп өз өнімдерін көрсетпек. Әр апта сайын университеттің тыныс-тіршілігі мен ислам білімін қамтитын шағын бағдарламар жасау, университет жанынан шағын студия ашып, қызметкерлерді ТВ саласының қыр-сырын үйрету үшін коучингтік тренингтер өткізу т.б. жобалар талқыланды. Келелі кездесу барысында қос тарап бір-біріне ризалышықтарын білдіріп, естелік суретке түсті. Бұл мемлекет дамуы жолында иманды да білікті жастар дайындау үшін жасалған игі бастама екені даусыз.

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар