Нұр-Мүбарак университеті мен Атырау облысы меморандум жасады

25/12/2018

Шәкірттерге қолдау көрсету жағынан Атырау облысы алдына жан салмай отыр,- деді Нұр-Мүбарак университетінің  ректоры,...

Шәкірттерге қолдау көрсету жағынан Атырау облысы алдына жан салмай отыр,- деді Нұр-Мүбарак университетінің  ректоры, профессор Мухаммад әш-Шаххат әл-Жинди атыраулық делегацияны қабылдау барысында. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысындағы өкіл имамы Батыржан Мансуров, Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев мырзалар Нұр-Мүбарак университетіне арнайы ат басын тіреп, біршама мәселелерді талқылады. Құрметті қонақтарды қабылдаған проректор, доцент Қайрат Құрманбаев шәкірттердің білім алу жағдайын, олардың толыққанды білім алулары үшін университетте қаншалықты жағдай жасалғандығын жан-жақты түсіндірді. Ал ректор, профессор Мухаммад әш-Шаххат Атырау облысының шәкірттердің оқуақы, жатақхана төлемімен қатар шәкіртақы төлеп отырғанына ризашылықтарын білдірді.

Нұр-Мүбарак университетінде бүгінде 30-ға жуық атыраулық шәкірттер білім алса, олардың 22-сі облыс әкімдігімен келісімшарт жасап, тікелей қаржылай көмек алуда. Яғни олар айына өз шәкіртақыларымен қоса 40 мың әкімдік шәкіртақысы,  жатақхана төлемақысы төленеді. Ал 13-і ақылы бөлімде оқығандықтан оқуақысы да қамтамасыз етілген. Бұл соңғы 2 жылда қалыптасқан қамқорлық.  Атырау облысы ДІБ басшысы Қайролла Көшқалиевтің айтуынша қазір елімізде және шетелде діни салада білім алушы атыраулық жастарға 20 млн. теңгедей қаржы қарастырылған. Бұл олардың дұрыс бағыт-бағдар көрсететін жақсы маман болуы үшін жасалып жатқан жағдай. Университет басшылығымен кездесіп, үш жақты меморандум жасалғаннан кейін атыраулық делегация шәкірттермен кездесті.

  • Бізге келісімшарт жасамаған шәкірттер тізімге қосылып, елге барып қызмет етуді ойлаңыздар. Қазір аймаққа білікті мамандар ауадай қажет. Сіздер қазір барынша білім алып, ертең ел ішінде нағыз ислам дінін, имандылықты тарататын миһраб иесісіздер. Ал миһраб иесі дегеніміз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мирасқорлары. Қазіргі білім алатын уақытты зая кетірсеңіздер, ел ішінде кезекші молда болғаннан кімге пайда. Өздеріңізге де, өзгелерге де пайдасы жоқ болудан сақтаныңыздар, — деді өкіл имам Батыржан Мансуров.

Шәкірттер де өздеріне үміт артып отырған ағаларының, елдің үмітін ақтауға уәде берді.