Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Нұр-Мүбарак университеті мен Халықаралық Өзбекстан ислам академиясы арасындағы ынтымақ күшейе түсуде

27/11/2019

Халықаралық Өзбекстан ислам академиясы мен Нұр-Мүбарак университеті арасындағы байланыс нығая түсуде. Бұл жайлы ректор, профессор Мухаммад әш-Шаххат әл-Жинди мен Оқу-әдістемелік басқарма басшысы Жалғас Сандыбаевтың Өзбекстанға арнайы сапар барысында нақтыланды. Тарихы 1997 жылдан басталатын әріптес университет өткен жылы Халықаралық Өзбекстан академиясы деп атын өзгерткен болатын. Ресми қабылдау барысында екі университет өзара танысу шараларынан кейін білім беру жүйесіндегі серіктестікті одан әрі дамыту туралы келіссөздер өтті. Атап айтқанда бакалавриат, магистратура, докторантура бөлімдерінде шәкірт алмасу мәселесі кеңінен қозғалды. Сондай-ақ ұстаздармен алмасу мүмкіндіктері, Өзбекстандағы мол қолжазба қорларымен жұмыс істеу мәселелері жан-жақты талқыланды. 1500-дей студенттер тәлім алатын академияда мамандықтардың да түрі жан-жақты қамтылған.

Іссапардың алғашқы күні ресми қабылдаудан кейін ректор, профессор Мухаммад әш-Шаххат әл-Жинди академия студенттеріне исламның ғылымдағы рөлі және оның қазіргі әлемдік қоғамдағы рөлі туралы дәріс оқыды.

Өзбекстан астанасынан кейін Нұр-Мүбарак университетінің делегациясы Самарқандтағы әл-Бұхари орталығына, Хадис орта мектебіне, Бұхарадағы «Мир Араб» орта мектебіне барады деп күтілуде. Сондай-ақ Ташкент, Самарқанд, Бұхарадағы қасиетті жерлерге зиярат жасалады.

 

 

Ұқсас жазбалар