Нұр-Мүбарак университеті: Салт-санаға сәуле шашқан әз Наурыз!

12/04/2019

Қазақ халқы ұлттық әдет-ғұрпын, салт-дәтүрін қашанда ұлт тұтастығы, ел бірлігіне сай қалыптастырғаны белгілі. Соның...


Қазақ халқы ұлттық әдет-ғұрпын, салт-дәтүрін қашанда ұлт тұтастығы, ел бірлігіне сай қалыптастырғаны белгілі. Соның айқын дәлелі Наурыз мерекесі екені жыл сайын көктемгі уақытта қазақ даласын бір серпілтіп тастауымен көрініс береді. Сондықтан Нұр-Мүбарак университетінде Наурыз мерекесі студенттердің салт-дәстүр жайлы білімдерін бекітіп қана қоймай, өнерін шыңдап, ұстаздар мен шәкірттер арасындағы бірлікті де арттыра түсуде. Қазақы нақышта киімдер, бір дастархан басында барлығы бірдей наурыз көже ішіп, бүкіл елге, мұсылман жамағатына ақ тілектерін жаудыратын күндердің ерекшесіне айналған-ды.
Сондай-ақ халықтың сүйікті өнерпаздары Жанар Айжанова, Құрмаш Махан, Ердос Қанаев, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының өрендері ән-жырдан, күмбір күйден шашу шашып, ғасырлардан мұра болған ұлттық өнерімізден паш етті. Нұр-Мүбарак университетіндегі биылғы Наурызға «Қоғам дамуындағы жастардың рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға келген қонақтар куә болып, ұлттық өнеріміз бен дәм-тұзымызға тәнті болды.
Студенттердің қойылымдары бесікке салудың қыр-сырын түсіндірсе, шынайы тұсау кесу, тәтті-пұттыдан шашулар көрермендерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ал университет ауласында тігілген киіз үйлер, қазақы дастархан, алғы буын ағалардың берген ақ батасы барлығы университеттің алдағы жылды жаңа серпінмен бастауға септескендей.
Елімізге амандық, шаңырақтарға шаттық, әрбір күн наурыздың күніндей мерекелі, дастарханындай берекелі болсын деген ақ тілектерден шашу шашылды.