Нұр-Мүбарак университетінде академик Әбсаттар қажы Дербісәлі атындағы аудитория ашылды

Нұр-Мүбарак университетінде  шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеуші, сыншы, филология ғылымдарының докторы, академик, сындарлы кезеңде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти қызметтерін атқарған, бүгінде  Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институтының директоры Әбсаттар қажы Дербісәлі атындағы аудиторияның тұсауы кесілді.

Академик ғалымның қатысуымен өткен салтанатты шарада университет басшылығы  Әбсаттар қажы Дербісәлі мырзаның  еліміздегі білім-ғылым, дін саласында ғана емес, Нұр-Мүбарак университетінің тарихында өзіндік қолтаңбасы барына ерекше тоқталды. Университет ұжымының ынта-ықыласына ризалығын білдірген Әбсаттар қажы Дербісәлі  осыдан 20 жыл бұрынғы ахуалға шегініс жасап,тарихи бастаманы  жоғары деңгейде алып кеткен  университет  басшылығына , ұжымына ризалығын білдіріп, алғысын жаудырды.

Ректор, профессор Мухаммад әш-Шаххат әл-Жинди мырза университеттің Диссертациялық кеңес төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлі мырзаның қазақ  елі үшін ғана емес, шығыс, ислам әлеміне қосқан үлесіне тоқталып, шәкірттердің академиктен үйренері көп екенін атап өтті. 

Университеттің 20 жылдық  мерейтойы қарсаңында ашылған жаңа аудитория бәрінен де студенттер үшін ерекше сыйлық болды. Себебі ғалымның еңбектері, тарихи суреттері,  жаңа технологиялармен жарақтанған аудитория тіпті қазіргі пандемиялық жағдайларды да ескергендіктен, білім алуға мүмкіндік пен ықыласты арттыра түспек.

 

 Айша КЕҢЕСБАЙ
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

202