Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Нұр-Мүбарак университетінде қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы туралы дөңгелек үстел өтті (Фото)

20/02/2020

Нұр-Мүбарак университетінде тәрбие істері және әлеуметтік даму департаментінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім.Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты аясында «Оқу үрдісіне қазақ тіліне аударылған жаңа оқулықтарды енгізу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шарада университетің проректоры, исламтану ғылымы бойынша PhD доктор, доцент Қайрат Құрманбаев жобаның мақсаты – студенттерге ашықтық, прагматизм сияқты сананы жаңғырту және бәсекеге қабілетті жастарды қалыптастыру екенін айта келіп, әлемнің үздік 100 оқулығын өз тілімізде сөйлету үлкен бастама екенін негізге алып, аударылған кітаптарды оқу үдерісіне енгізудің аса маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарға қолдау көрсету керек  екендігіне тоқталды.

Дөңгелек үстелде дінтану кафедрасының профессоры ф.ғ.д. Қайрат Затов жобаны жүзеге асырудағы философиялық, саяси және діни аспектілерін талқыласа,  дінтану кафедрасының аға оқытушысы, доктор, доцент, «Жаңа гуманитарлық білім.Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының тікелей аудармашысы Дамира Сихимбаева «Саяси философия» кітабын аударудағы жұмыс процесін айтып, оқу үрдісіне қазақ тіліне аударылған жаңа оқулықтарды енгізу  туралы баяндады.

Сондай-ақ  Нұр-Мүбарак университетінің 2 курс докторанты, Ұлттық аударма бюрасының аудармашы-редакторы  Асылтай Тасболат   «Панорама: Дүние жүзі тарихының» 1-2 том жинағы, «Құдайтану баяны» еңбектерін аударудағы жұмыстарға шолу жасап, енді жарыққа шығатын «Музыка тарихы» мен «Ислам философиясы» кітабтарының  аударма жұмыстары туралы айтты.

Ал кітапхана бөлімінің меңгерушісі Қалбибі Бейісбек студенттерге әлемдік деңгейдегі жаңа мазмұнды білім нәрімен қазақ тілінде сусындауға 100 жаңа оқулық жобасы септігін тигізетіндігі туралы ойымен бөлісті.

Сондай-ақ іс-шарада кітаптарды аудару барысында кеткен олқылықтар талқыланып, профессор-оқытушылар мен магистрантар және докторантар арасында ашық пікір алмасу болды.

 

 

Ұқсас жазбалар