Нұр-Мүбарак университетінде күзгі сенбіліктер маусымы

10/11/2017

Сенбіліктер қоршаған орта тазалығы мен көркемдікті сақтауда ғана емес, жауапкершілікті арттыра түсетіні анық!

Бүгінде Нұр-Мүбарак университетінің  студенттері мен шаруашылық жөніндегі қызметкерлері апта сайын сенбіліктер өткізіп, қаланы көріктендіруге барынша ат салысуда. Ал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбектің «Қоршаусыз қала» бағдарламасына сай алынып тасталған барлық қоршаулар жауапкершілікті екі есе арттырғандай. Сондықтан университеттің ауласынан асып көшелердің тазалығына ерекше ден қойған нұр-мүбарактықтар әуелі жерге төгілген жапырақтар мен сарғайған шөп-шаламдарды тазартып, гүлзарлардың өсінділерін қырқып жаңа маусымға дайындады.  Ал соңғы аптада жаңадан ағаш көшеттерін отырғызды.

 

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген халқымыз мал шаруашылығымен айналысса да жасыл желек, бау-бақшаның қадірін білген. Сондықтан қоршаған ортаны, табиғат байлықтарын қадірлеп, тіпті мұраға қалдырудың артықшылығын бір ауыз сөзбен жеткізген. Нұр-Мүбарак университетінің Шаруашылық бөлімінің маманы Талғат Жұбанышев:

  • Студенттердің көмегі ерекше. Жастық қайрат, ел игілігі үшін қызмет деген түсінікпен университетімізден тыс жерлерге де бар ынта ықыластарын салатынын байқаймыз. Олар өздері тазалықтың бағасын сезініп, ағаш отырғызудың ғанибетін түйсіне түскендей, — деп ойын ашық айтты.

Ия, қоршаған ортаның тазалығы сол елді-мекендегі тұрғындардың мәдениетінен хабар береді. Сондықтан Нұр-Мүбарак университетінің ұжымы алтын күздің әр сенбісінде  осы қағидаларды іспен дәлелдей түскендей.