• Бас бет
  • Жаңалықтар
  • «Нұр-Мүбарак» университетінде қыздар арасында І республикалық  Құран жарысы басталды

«Нұр-Мүбарак» университетінде қыздар арасында І республикалық  Құран жарысы басталды

05/05/2016

Жүлде қоры 3 500 000 теңге болатын сайыс 1,2,3,5,10 паралары бойынша екі күнге созылады. Алғашқы күні ақтық сынға іріктелгендер 6 мамырда өзара бақ сынап, жеңімпаздар анықталмақ.

 

Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен 160-тан аса қари қыз-келіншектер, ақ жаулықты аналар және олардың туыс-жанкүйерлері Алматыдағы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіне ағылды. Екі күнге созылатын Республикалық қыздар арасындағы Құран жарысының салтанатты ашылуы Қасиетті Құран, әнұранмен басталып, Қазақстан мсұылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының ақ тілегімен тұсауын кесті.

Құран Кәрімнің қасиеттері жайлы айта келе: «Бүгін міне елімізде тұңғыш рет қасиетті Құран жаттаушы қыздарымыздың арасында республикалық бәйгенің тұсауын кесейік деп отырмыз. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», – десе, халқымыз «Қыз бала тәрбиесі – бүкіл ұлт тәрбиесі», – деген. Білімді әйелден, білікті ұрпақ тарайды. Демек, сіздердің әрқайсыларыңыз бір-бір медресе, академияның қызметін арқалаған, отбасының берекесін келтіруші аманат иелерісіздер. Сондықтан бүгінгі тұңғыш қасиетті Құран сайысына сәттілік тілеймін. Алла Тағала жар болсын!», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.

Ал Бас мүфтидің сөзін жалғастырған «Нұр-Мүбарак» университетінің ректоры профессор Жуда Абдулғани Басюни  елімізде ең алғаш рет өткізіліп отырған қыздар арасындағы Құран сайысына сәттілік тілеп, бұл шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Университетке келген қонақтарға алғыс білдіре отырып, қариларға сәттілік тіледі.

Одан өзге осы бәйгеге демеушілік жасаушы  «UMMET» қоғамдық қорының президенті Мұхаммед-Амин Құрманәлі жүрекжарды лебізін білдірсе, Астанадағы Республикалық қарилар медресесінің директоры, қазылар алқасының төрағасы  Сәдуақас Олжабаев қазіргі еліміздегі Құран жаттауға ұмтылушылардың артып келе жатқандығымен қатар жарыстың жай-жапсарын түсіндіріп өтті.

Құран мерекесіне «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры Шамшидин Керім, Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет мырзалар қатысты.

Салтанатты ашылудан кейін ҚМДБ діни білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев пара бойынша әр аудиторияға бөлінген қарилар тобына қазылар алқасымен таныстырып, жарыстың маңызына тоқтала келе, сәттілік тіледі.

Жүлде қоры 3 500 000 теңге болатын  сайыс 1,2,3,5,10  паралары бойынша екі күнге созылады.  Алғашқы күні ақтық сынға іріктелгендер 6 мамырда өзара бақ сынап, жеңімпаздар анықталмақ.

ФОТОРЕПОРТАЖ

kizkoran

 

 

 

kizkoran3

 

kizkoran4

 

kizkoran5

 

kizkoran6

 

kizkoran7

 

kizkoran8

 

kizkoran9

 

kizkoran10

 

kizkoran11

kizkoran12

 

kizkoran13

 

kizkoran15

 

kizkoran16kizkoran17