Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Нұр-Мүбарак университетінде республикалық семинар қатысушыларына сертификат берілді

25/02/2019

 

«Араб тілін оқытудың заманауи әдістері» атты оқытушыларға арналған республикалық апталық семинар өз мәресіне жетті. Бір апта бойы Құран тілінің заман талабына сай қыр-сырын оқып-тоқыған оқытушылар біршама жаңа әдіс-тәсілдермен таныс болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Нұр-Мүбарак университетінің бірлескен жобасына жоғары оқу орындарындағы араб тілі оқытушыларымен қатар медресе ұстаздары да қатысты. Соңғы күн Нұр-Мүбарак университетіндегі мысырлық  ғалымдарының дәрістерімен тәмамдалды. Семинар соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға сертификат, лекторларға алғыс хат табыс етті.

Салтанатты шарада Египет Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілігі жанындағы Мысыр мәдениет пен білім ісі жөніндегі орталығының директоры Ранда Махмуд Ризк ханым:

  • Мен Нұр-Мүбарак университетіне алғаш рет келіп отырмын. Бұл оқу ордасының «Египет ислам мәдениеті» деген атауды иеленуінің өзі көп нәрсені аңғартып тұр. Көне мәдениет пен ғылымның ортасына айналған Мысыр елінің алыс болса да тарихы тамырлас қазақ елімен бірлікте болуы екі ел үшін ғана емес, әлем үшін де өз жемісін беретініне сенемін, — деді.

Ранда Ризк ханымның бұл сөздері апталық семинарда мысырлық ғалымдардан дәріс алудың өзі  үлкен жетістік екенін аңғартады. Ректор, профессор Мухаммад әш-Шаххат әл-Жинди бұл семинардың маңыздылығы, араб тілі оқытушылары арасында жаңа серпін  беретіндігіне үміт артты. Ұлттық университеттің «Шығыстану» факультетінің деканы PhD Ықтияр Палтөре бұл семинардың болашақта жалғасын табатындығына сенім білдірді.

Барлық қатысушылар апта бойы сауапты да жауапты араб тілін оқытудағы артықшылықтар мен өзгешеліктердің жаңа мүмкіндіктерін ұсынған ұйымдастырушыларға ризашылықтарын жаудырды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар