Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Нұр-Мүбарак  университетінің Ақтөбеде ашылған Дайындық бөлімінің маңызы ерекше

27/05/2019

Қасиетті Рамазан айында ақтөбеліктер үшін теңдессіз жаңалық жасалды. Еліміздің  рухани тұрақтылығының алтын діңгегіне айналған Нұр-Мүбарак университетінің Ақтөбе қаласында Дайындық бөлімі ашылды. Бұл жауапты да сауапты істің жас ұрпақ тәрбиесінде ғана емес, болашақ үшін орасан игілігі бары белгілі. Біршама уақыттан бері жан-жақты талқыланған жобаның тұсаукесеріне  Алматыдан Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Мухаммад аш-Шаххат ал-Жинди бастаған делегация арнайы қатысып, дайындық бөлімінің маңыздылығын жан-жақты тоқталған  болатын.  Облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып: «Мемлекетіміз жастардың білім алуына қолдау көрсетіп, жан-жақты жағдай жасауда. Соның ішінде, діни білімді де шетел аспай-ақ, өз елімізде алуға бүгінгі күнде толық мүмкіндік бар», — деп тілектестігін білдірді.

Тұсаукесер сәтінен кейін ректор Мухаммад аш-Шаххат ал-Жинди өңір басшысына оқу орнын аралатып, ғимарат ішімен таныстырды. Жаңа төрт қабатты орталық нысан демеушілердің көмегімен тегін беріліп отыр. Заман талабына сай жабдықталған бөлімде өзге өңірден келген білім алушылардың жатып оқуына да жағдай жасалған. Орташа жиырма шәкіртті қабылдауға мүмкіндігі бар.
Дайындық курсында болашақта Нұр-Мүбарак университетінде жоғары білім алу үшін қажетті дәрістер, Құран тәжуиді, араб тілі, Қазақстан тарихы т.б. маңызды пәндер оқытылады. Себебі шәкірттер оқу жылында діни сауатпен ғана шектелмей, еліміздің тарихы, халқымыздың дінмен астасқан салт-санасын кітаби негізде оқып-білуге қол жеткізбек. Бұл болашақ дін мамандарының жан-жақты білімді де білікті тұлға болып қалыптасуын қамтамасыз етеді дейді Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, доцент Қайрат Құрманабев. Бұл әлбетте еліміздің батыс аймағындағы ағайынға   Нұр-Мүбарак университетіндегі классикалық білімнің маңыздылығын сүйіншілейтін шаңырақ болады деген сенім мол.  Көптен күткен салтанатты шарада жергілікті ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар келіп жүрекжарды лебіздерімен қоса шашу шашып, ақ баталарын берді.

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар