Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Нұр-Мүбарак университетінің бас студенті Қазақстан студенттер Альянсының марапатына ие болды

06/12/2019

Биылғы Жастар жылы аясында Нұр-Мүбарак университетінің атқарған іс-шаралары қоғам дамуына едәуір үлес қосқаны белгілі. Сондықтан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Қазақстан студенттерінің Альянсы еліміздегі жоғары оқу орындарындағы Жастар ісі жөніндегі комитет басшыларының I және студенттердің Республикалық XVI форумында Нұр-Мүбарак университетінің Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Жарқын Еркінұлын арнайы Алғыс хат пен төсбелгімен марапаттады. Нұр-Сұлтан және Бурабай қалаларында екі күнге созылған белсенді жастар басқосуына 500-дей мүше қатысып, студенттер үшін  ең өзекті білім, әлеуметтік сала және т.б. мәселелер талқыланды. Еліміздегі ЖОО арасында тек санаулы университет өкілдеріне табыс етілген бұл марапат Нұр-Мүбарак университетінің қоғам дамуына қосып жатқан үлесінің бір көрсеткіші екені анық.

«ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Н. Назарбаев жариялаған «2019- Жастар жылы» аясында STUDUNION «Жастардың өзін-өзі басқару органдары жүйесін дамыту» әлеуметтік жобасын жоғары дәрежеде іске асыруға, білімді және бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуге, қоғамдық шараларға қосқан ерен еңбегіңіз үшін алғыс білдіремін!  Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеу жолында талмай еңбек ететіндігіңізге сенімдімін. Еліміздің абыройын асқақтататып, мәртебесін  асыру жолындағы қажырлы еңбегіңізге табыс және отбасыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!» деген мәтіндегі Алғыс хатты  Қазақстан студенттер Альянсының Президенті І.Түстікбаев табыс етті.

 

Форумға елімізге танымал кәсіпкерлер, қоғам және мәдениет қайраткерлері, өңірлік белсенді студенттер, ЖОО мен АОО-ның жастар ісі-жөніндегі комитет төрағалары, Қазақстан студенттерінің Альянсы белсенділері, өңірлік штаб көшбасшылары, ҚР Парламенті мен Нұр-Сұлтан қаласының маслихат депутаттары, республикалық жастар ұйымдарының көшбасшылары, Балон үдерісі  және академиялық ұтқырлық орталығы, Қаржы орталығы, Ұлттық тестілеу орталығы, Тәуелсіз аккредиттеу мен рейтингтеу агенттігінің өкілдері мен жетекшілері қатысты.

«Марапаттаулардан бөлек Бурабай мен Нұр-Сұлтан қаласында танымал, білікті спикерлердің арнайы семинар-тренингтерінен тағылым алып, оны  студенттермен бөлісетініме, сондай-ақ сүйікті Нұр-Мүбарак  университетіміздің абыройын асқақтатуға «теңізге тамған тамшыдай» үлес қосқаныма қуаныштымын. Форумға қатысып, мықты білім, өмірлік тәжірибе алуға мүмкіндік жасап, үнемі жастарды қолдап, студенттерге жол сәілтеуші  университетіміздің басшыларына  және проректор, доцент  Қайрат Құрманбаев ұстазымызға арнайы алғыс айтамын»,-деп Жарқын Еркінұлы жүрекжарды қуанышымен бөлісті.

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар