Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Нұр-Мүбарак университетінің басшылығы  жаңа оқу жылымен құттықтады!

03/09/2018

Бүгін Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің басшылығы шәкірттер мен ұстаздарды Білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Проректор, профессор Шамшәдин Керім:

Ең алғаш осыдан 17 жыл бұрын небәрі 74 студентпен бастап едік. Міне қазір қатарымыз 1400-ге жетті. Біз барынша университетте әділдікпен шәкірттердің сапалы білім алып, білікті маман, еліміздің таза, адал азаматы болып қалыптасуы үшін еңбек етіп келеміз. Қазір ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан «академиялық тазалық», яғни ректорлар арасында барынша таза жұмыс істеуге жұмылдырылып жатыр. Сондықтан биылғы түскен шәкірттерге ең басты мәселе тәртіп пен білім екенін арнайы ескертеміз. Егер ақылы бөлімде оқып жатсаңыз, білім грантын иелену үшін осы екі талап: білім мен тәртіп арқылы қол жеткізе аласыз. Сол сияқты мемлекеттік білім грантының иегері екі жақты кемшін түсіп жатса, онда озық шәкірттерге орын беруіне тура келеді. Сондай-ақ министрлік тарапынан бөлінген мемлекеттік гранттан өзге, шәкірттерге облыс әкімдерінің гранттары тұрақты қолдау көрсетуде. Сондықтан жаңа оқу жылы алдында шәкірттерге де, ұстаздарға да тек сәттілік тілейміз!-деді.

 

Ал ректор кеңесшісі хазірет Ержан қажы Малғажыұлы шәкірттерге білім алудың артықшылығы мен ғалымдардың тиімді тәсілдері жайлы да насихат айтып өтті:Имам Шафиғи «Білім ол – нұр, сондықтан ол күнәһар пендеге берілмейді» деген. Білімнің жемісі – көркем мінез. Сіздер көпшілік арасынан таңдалып түскен жансыздар. Сондықтан сіздердің мінез-құлықтарыңыз Нұр-Мүбарак университетінің, діннің келбеті екенін ұмытпаңыздар. Ол үшін алғашқы сәттен уақытты тиімді пайдаланып, барынша ұстаздардан білім алып қалуға тырысыңыздар,-деді.

 

Ал мысырлық араб ұстаздардың атынан сөз сөйлеген ғылым докторы Мұхаммед Хаттаб: «Білім сөзі – бүкіл ғылымдарды қамтиды. Білім жолы – төзімділерді қалайды. Білімнің жемісін жеуге асықпаңыздар, оған көп уақыт керек. Шынайы білім иесі болғыңыз келсе, ұйқыны азайтып, білімге көңіл бөліңіз, жаттағыңыз келгенді жаза баріңіз,-деп ғұлама ғалымдардың тәжірибесіне де тоқталып өтті. Жаңа оқу жылына сәттілік тілеген басшылардан кейін Оқу, Тәрбие бөлімдерінің басшылары жаңа шәкірттерге  университет тәртібімен таныстырды. Талаптар мен қажеттіліктерге тоқталды. Ең әуелі тәртіп пен білімге деген талпыныс екенін тағы да шегелеп өтті. Бұл талап Нұр-Мүбарак университеті түлектерінің білімді де білікті болып шығуына ықпалды екені ақиқат. Қазақтың дара перзенті һәкім Абай былай деген екен:

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз,

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз.

Білгендердің сөзіне

Махаббатпен ерсеңіз.

Ақыл сенбей сенбеңіз,

Бір іске кез келсеңіз.

Сондықтан жаңа оқу жылында білім саласындағы барлық ұстаздар мен шәкірттерге нәтижелі де жемісті жыл боулына тілектеспіз!

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар