Нұр-Мүбарак университетінің ғалымдары Астана съезінде

11/10/2018

Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының  VI съезіне Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор...

Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының  VI съезіне Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди, проректор, доцент Қайрат Құрманбаев және бөлім басшылары, докторанттар тобы қатысуда. Әлемдік деңгейде бейбітшіліктің орнауына өзіндік үлесі бар дәстүрлі съезде ректор, профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди сөз сөйледі:

  • Экстремистердің мақсаты исламға шақыру емес. Олардың проблемасы тек адамдарды күпірлікпен айыптап, қоғамды құрту емес, ең бастысы қоғамның болмысын, діннің мәнін өзгерту. Ислам – бәрімізге белгілі, бейбітшілік пен мейірімділік діні. Пайғамбардың келу мақсаты да Құранда әлемге мейірім етіп жібергендігі айтылған. Мейірімділік әлбетте, зұлымдыққа, қырып-жоюға түбегейлі қарсы,- деді.

Сондай-ақ қазіргі уақытта Таяу Шығыста шиеленісіп жатқан жағдайдың себептерін талдады. «Азаматтық соғыс жағдайын жасаушылар тек мұсылмандар емес, өзге көптеген дін өкілдері болғанымен, бұл арада дін емес саясат өкілдерінің ісі. Яғни олардың көздегендері мұсылман қоғамын ыдырату. Терроризм мен экстремизмнің діні де, ұлты да, тілі де жоқ. Олардың тілдері – өлтіру тілі»,- деп, соғыс жасаушыларға қарсы күрес дін ғалымдарының, дін лидерлерінің үлесінде, олардың міндеті осы жерде айқындалатынын ашып айтты. Ол – экстремизм құрылымына соққы жасау.

Нұр-Мүбарак университетінің ректоры профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди мырзаның сөзі съезд қатысушыларына ерекше ой тастады. Сондай-ақ бірнеше секциялармен жалғасқан халықаралық жиында Нұр-Мүбарак ғалымдары өз пікірлерін білдіріп, ғылыми тұжырымдамаларына сай  ұсыныстарын да жасады.