Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

«Нұр-Мүбарак» университетінің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тартуы

08/11/2016

 

Бүгін «Нұр-Мүбарак»  университетінде ғана емес бүкіл қазақ елі үшін тарихи күн. Себебі қасиетті Құран тілі араб тілінің 50 000 сөзін қамтыған «Арабша-қазақша сөздіктің» тұсаукесері салтанатты түрде аталып өтті. Қасиетті Құран оқумен басталған жиынды ашқан университет проректоры, профессор Шамшәдин Керім мырза:

  • Бұл еңбекті университетіміздің атынан Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тартуымыз деп санаймыз. Себебі бұл сөздікті жасау оңайға соққан жоқ. Осыдан 3-4 жыл бұрын қолға алынған бастамаға барлығы 7 автор, яғни еліміздің жас ғалымдары ат салысты. Біз тіпті кітаптың қағаздарының өзі сапалы болуы үшін еліміздегі ең мықты баспахананы таңдадық. Себебі қыруар еңбек, оны сатып алушының да қаржысы  босқа кетпесін деп, күнделікті ұстағанда кемі 15 жылға жарайтындай сапаға межеледік,-дей келе, беташар сөзді университет ректоры профессор Жуда Басюниге берді.

«Бұл жәй ғана сөздік емес, араб елдері мен Қазақстан арасын жақындата түсетін теңдессіз туынды»,- деген профессор Жуда Басюни  авторларды жеке-жеке атап өтіп, алғыс білдірді. Сондай-ақ осындай ғылыми жобаға сын көзбен қарап, сараптаушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі мырзаға орасан алғыс білдірді.

Ректордан  кейін сөз сөйлеген Әбсаттар қажы Дербісәлінің  сөзі әсіресе ғылымсүйерлер үшін ерекше болды. Себебі  сөздік  авторларының  құрамында ғалымның шәкірттері барын ескерсек, шәкірттердің жетістігі ұстаз үшін қашанда мәртебе екені белгілі.

  • Ғылым бейқамдықты қаламайды. Аз ұйықтап, көп  ізденіңіздер. Кеңестік кезеңде біздің алдымызда не күтіп тұрғанын білмесек те болашақтан үмітіміз зор болды. Сол кезде тәуелсіздік аламыз деген тіпті түсінігімізде болмаса да  «болашақ елші боласыңдар» деп шәкірттерімді үнемі білімге талпындырып отыратынмын. Ол кезде қазақша ғылыми еңбек, сөздік деген тіпті қат. Аллаға шүкір, небәрі 15 жылдық тарихы болса да  «Нұр-Мүбарак» университетінің осындай қомақты сөздік шығаруы үлкен ерлік. Тіпті жарты ғасырға жуық тарихы бар Тіл білімі институтының мамандарының тісі батпаған жоба еді. Сондықтан баршаңызға сәттілік,-деп ақ тілегін жаудырды.

Өз кезегімен сөз алған авторлар да жаңа еңбектің қалай жасалғанына жан-жақты тоқталды. Бұл зал толы студент-магистрант, докторанттар, яғни білім жолындағылар үшін  тағылымы зор әңгімелерден болғаны анық. Әрі ғылым жолындағы  алғы буын өкілдері мен кейінгі жас ғалымдардың  ізденісті еңбектері жас шәкірттердің ілім-білімге, ғылымға деген ынтасын арттыра түскендей. Авторлардан қолтаңба алып қалуға ұмтылғандар да аз болмады. Тұсауы кесілген жаңа еңбектің  біршамасы университеттің кітапханасына табысталды. Әлбетте әрбір білім ордасы тәуелсіздігіміздің жолында осындай тарту жасап отырса, бұл елімізде білімге ұмтылған жастарды  ынталандырып, қатарын арттыра түсері сөзсіз.

 

ФОТОБАЯН

 

_dsc0860

 

sozdik2016-1

 

sozdik2016-2

 

sozdik2016-3

 

sozdik2016-4

 

sozdik2016-5

 

sozdik2016-6

 

sozdik2016-7

 

sozdik2016-9

 

sozdik2016-10

 

Ұқсас жазбалар