Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Нұр-Мүбарак университетінің жаңа келбеті мақұлданды

14/11/2019

9 қабаттан тұратын аспанмен таласқан, күнмен шағылысқан зәулім ғимарат – Нұр-Мүбарак университетінің жақын уақытта салына бастайтын жаңа жобасы. Жылдан жылға студенттер саны артқан университетте оқу кешенінің жетіспеушілігі айқын сезіле бастағандықтан, басшылық жаңа жобаны жедел қолға алды. «Білім-Қазына» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен жоба құжаттары өткен мамыр айында «Жаһан-LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестік  құрылыс компаниясына сеніп тапсырылған болатын.

Еліміздегі жалғыз ислами жоғары оқу ордасының құрылысы ел көмегі мен жомарт жандардың демеушілігімен салынбақ. Мұндай сауапты іске «Жаһан-LTD» құрылыс компаниясы да 28,500 (жиырма сегіз мың бес жүз) шаршы метр көлемді қамтитын оқу кешенінің құрылыс сызбаларын жасау барысында өз қызметтерін барынша тегін ұсыну арқылы ат салысып, еліміздегі ислам ғылым ордасының дамуына орасан үлес қосуда. «Жаһан-LTD» ұжымының жоба сызбасын күндіз-түні бар ықыласымен жасағанын айтқан компания құрылтайшысы Баян Нұрмаханқызы Нұр-Мүбарак университеті басшылығына жаңа ғимараттың бүкіл құрылымын түсіндіріп берді.

Проректор, доцент Қайрат Құрманбаев тапсырыс кезінде жаңа жобаның заман талабына сай әрі ұлттық нақышты қамтуына екпін беру қажеттігіне тоқталған болатын. Ұсынылған жоба негізгі талаптарды қамтып қана қоймай, жаңашылдығымен көңілден шыққаны жайлы өз ризалықтарын білдірген Нұр-Мүбарак университетінің басшылығы кіші-гірім ұсыныстарын да айта кетті.

 

Жаңа оқу кешеніне ат салысушы «Білім-Қазына» қоғамдық қорының президенті Оралхан Сейдманов биылғы көктемде басталған «Мың теңгеге университет салу» акциясы бойынша халықтан 28 млн. теңге қаржы жиналғанын жеткізді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар