• Бас бет
  • Жаңалықтар
  • Нұр-Мүбаракта білімін жетілдіруші қызылордалық имамдар Вице-министрдің дәрісін тыңдады

Нұр-Мүбаракта білімін жетілдіруші қызылордалық имамдар Вице-министрдің дәрісін тыңдады

29/09/2017

Қызылорда облысының 115 имамы үш топқа бөлініп апталық курста білімдерін жетілдіруде

Қазір Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіндегі   Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау  институтында  Қызылорда облысының 115 имамы үш топқа бөлініп апталық курста білімдерін жетілдіруде. Қасиетті жұма күні Сыр өңірінің имамдарына Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрінің орынбасары Берік Арын мырзамен кездесіп, дәрісін тыңдау мүмкіндігі туды.

 

Проректор, профессор Шашәдин Керім мырза Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаев мырзаның дін мамандарын даярлауда нақты қолдау жасап отырғанын айта келе, бұл өзге аймақтарға да өнеге боларлық іс екенін атап өтті. Соның дәлелі жыл сайын студенттердің оқуақысын ғана емес, имамдардың да білімін жетілдіру ісі дәстүрге айналуда. Бұл мәселеге ерекше ризашылық білдірген Берік Арын мырза министрлікке келген мәліметтер бойынша да Қызылорда өңірі жат діни ағымдардың ылаңынан таза бірден бір аймақ екенін айтып, имамдарға бүгінгі қоғамдағы жағдайлар мен әлемдегі дін мәселесіне қатысты қысқаша жан-жақты дәріс оқыды:

— Біз зайырлылық даму жолын таңдаған елміз және бұл жолдан бас тартпаймыз. Зайырлылықты атеизммен шатастырып, діни білімі төмен мұсылмандарды орта ғасырға сүйрегісі келетіндер бар. Тіпті зайырлылықты исламға қарсы деп бос сөзге еретіндер аз емес. Біз өздеріңіздің көмегіңізбен ел арасында дінге деген ұстамды көзқарасты қалыптастыруымыз керек. Қазір мешіт имамдары өте сауатты, білікті, заманауи технологияларды меңгерген жан-жақты болуы маңызды. Мен шет елдерге барғанда салиқалы дін қызметкерлерін жиі кездестіремін. Оларды ірі компаниялардың президенті, іскер адамдар деп ойлап та қалатын кездер көп. Сондықтан ислам кері кету емес, дамудың діні екенін білім арқылы дәлелдеуді қажет етеді,-деді Берік Сақбайұлы.

Имамдар да көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алып, вице-министр мырзаға алғыстарын білдірді.

Қазір қайта қаралып жатқан дінге қатысты заңға 60 шақты түзету енгізілмек. Әлі де мәселелер терең қаралуда. Сондай-ақ осы кезге дейін мешіт әдебіне қатысты мәселелер ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен бекітілген болса, бұл бұйрық заңға енгізілмек. Яғни ғибадат орындарындағы тәртіп заңмен бекітілмек.

— Егер ұсыныстарыңыз болса, министрліктің ресми сайтынан танысып, пікірлеріңізді білдіре аласыздар,-деді Берік Арын мырза.

Осылайша вице-министрмен тікелей сөйлесіп, пікірлесіп, сауалдарына нақты жауап алған Сыр өңірінің имамдары кездесуді ұйымдастырған Нұр-Мүбарак университетіне алғыстарын жаудырды.