Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Нұр-Мүбарактағы  мәуліт пен ерекше марапат

08/12/2017

Айтайық Аллаға мадақ, пайғамбарымызға (с.а.у.) сансыз салауат! Егер біз бір салауат алсақ, Раббымыз өзімізге еселеген сәлем жолдайды. Бұл анық. Ендеше осындай нығметтерді еске салатын мүбарак мәуліт мерекесінің халыққа берері мол екенін жоққа шығарасыз ба? Жыл сайын Алла елшісінің дүние есігін ашқан, әлемді нұрға бөлеген мүбарак айы жайлы еске салып, дүниедегі ең асыл адамзаттық қасиеттер жайлы сөз етілетін мәуліт мерекесі Нұр-Мүбарак университетінде түрлі деңгейде аталып өтуде.

  • Адамзат тарихында ең асыл тұлғаның дүниеге келген мәуліт мерекесі барша мұсылмандарға құтты болсын. Осы айда Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуге жол ашыла берсін. Адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне сеп болып,  Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай. Құран оқып, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірі мен өнегесі жайлы кітап оқудың да мұсылманға берері мол,-деді ректор, профессор Жуда Басюни мырза.

Рухани шөліркеген халыққа мәуліт мерекесінің иман әлемінен шашу екендігін айтқан оқытушы Оралхан Сейдманов қазіргі жиі кездесетін сауалдарға тұшымды жауап берді. Студенттер үшін ел арасында қызмет еткен кезде жан-жақтылықтың қажеттігін айта келе  білімді болуға, әрдайым көкейдегі өшпес өнеге Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  бағдаршам болу керектігіне тоқталды.

 

Студенттер де Пайғамбар (с.ғ.с.)  өмірінен түрлі сәттерді еске түсіретін  қойылымдар қойып, жыр оқып, күй шертті. Қос тілде арнайы Мәуліт жырын оқып, салауат айтты. Дін және тәрбие бөлімінің меңгерушісі Рахымжан Әкімбеков мерекемен құттықтай келе, тәрбие жұмыстарымен айналысатын университет түлегі, жаңа маман, студенттер біліміне қолдау көрсету мақсатында құрылған «Білім-Қазына» қорының атқарушы директоры болып Мақсат Байзақпен таныстырды.

 

Сондай-ақ мереке студенттер үшін сүйінші хабармен қорытындыланды. Яғни университеттің оқу жүйесінен тыс, бос уақытты тиімді пайдалану мақсатында докторант Рахымжан Әкімбековтың ұйытқы болуымен қосымша тіл, білім курстар ұйымдастырылуда. Осы курстың нәтижелері бойынша озық шыққан 5 шәкірттерге марапат пен ақшалай сыйақы  берілді. Ал өзге де білімін жетілдірушілерге сертификат табыс етілді, атап айтқанда: Зухрат Авдинов, Нажмиддин Төрехан, Бауыржан Тұрапбай, Дастан Сақанов, Баубек Сыздық, Айдос Құбай т.б. – барлығы 40 шәкірт.

Ер балаларға арналған мерекеден соң, мәуліт шарасын университеттегі қыздар бөлімінің шәкірттері жалғастырды. Мағыналы қойылымдар, сүбелі жырлар, өнегелі өлеңдер оқылып, қыз-келіншектер өнерлерін өзара ортаға салды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар