• Бас бет
  • Жаңалықтар
  • «Нұр-Мүбарактің»   16 студентіне Қызылорда облысының әкімдігі демеушілік жасады

«Нұр-Мүбарактің»   16 студентіне Қызылорда облысының әкімдігі демеушілік жасады

09/11/2016

«Исламтану» мамандығы бойынша бір студенттің оқу ақысы 342 900 теңге болса, жалпы 6 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалды.

Сыр елі Қазақстан  бойынша діни жат ағымға кетушілер жағынан саны өте аз, діни тұрақтылығы мығым өңірлердің бірегейі. Бұл әрине Қызылорда облысы әкімдігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірлік өкілдігінің атқарып жатқан белсенді іс-әрекетімен байланысты екендігі даусыз. Соның нақты дәлелі олардың еліміздегі жалғыз ислами және діни мамандарды даярлайтын Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетімен тығыз байланыста жұмыс жасауы. Қызылорда облысының әкімдігі  соңғы үш жылдан бері ақылы түрде оқитын студенттердің жылдық оқуы мен жатақхана төлемақысын бюджеттен тыс қаржы арқылы төлеп  беруді дәстүрге айнылдырған. Биыл да облыс әкімдігі бюджеттен тыс қаржы көздер арқылы 16 студенттің оқу, жатақхана ақысын төлеп берді. Өз кезегінде «исламтану» мамандығы бойынша  бір студенттің оқу ақысы 342 900 теңге болса, жалпы 6 млн. теңгеге жуық  қаржы жұмсалды. Ақиқатында Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  хадистерінен білімге жұмсалған, оның ішінде Алла жолында жұмсалған қаржының, садақаның абзалдығы жайлы баса айтылады. Сондықтан қызылордалық азаматтардың қайырымдылығы  өзгелерге өнеге боларлық.

Үш жақты келісім-шарт жасауға ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат Омаров арнайы келіп студенттермен кездесті. Өкіл имам бұл келісімшарттық маңыздылығына тоқтала келе, оқу аяқтаған кезде түлектердің елге барып еңбек ету керектігін және оның аса маңыздылығына тоқталды.

  • Қазір Қызылорда облысында «Нұр-Мүбарак» университетінің             17 түлегі қызмет етуде. Аймақтағы 7 ауданда 160-тан астам мешіт болса, соның барлығы имамдармен қамтылған. Бірақ бізде әрдайым білімді мамандарға деген  мұқтаждық бар. Сондықтан облыс әкімдігі  болашақ мамандарға осы кезден көңіл бөліп, қолдау жасауда. Қазіргі таңда «Нұр-Мүбарак»  университетінде қызылордалық 65-тей шәкірт білім алса, оның 24-і биыл оқуға түскендер. Ал ақылы бөлімде 16 шәкірт білім алады,-деп Талғат Омаров жалпы жағдаймен таныстырып өтті.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысындағы өкіл имамының мәліметінше жыл сайын 50-ге жуық шәкірт медреселерге жіберіліп, 2500-дей адам сауат ашу курстарында білім алуда. Бас имам Талғат Омаров студенттердің жағдайын жан-жақты бағамдай келе, ағалық ақыл-кеңестерін де аямады. Кездесу соңында  шәкірттерге арналып   кең дастархан жайылды.

 

 

kizilorda-2016-1

 

kizilorda-2016-2

 

kizilorda-2016-3

 

kizilorda-2016-4