Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Нұр-Мүбарактың «Жас ғалымдары» белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлымен кездесті

27/03/2018

 

 

Бүгінде «Қазақты танығың келсе, Абайды оқы…» деген тәмсіл қаны қазаққа айқын қағидаға айналды. Себебі халқымыздың бүкіл болмысын қағазға түсіріп, түсіндіріп, талдап кеткен Абай шығармаларын әр адам оқыған сайын жаңа қырынан танып отыратыны белгілі. Ал данышпан Абайды зерттеуге ғұмырын арнап қана қоймай, халыққа ғұлама  Йассуи, қаһарман Бауыржан Момышұлынан да тағылымды дүниелер тарту еткен ғалым Мекемтас Мырзахметовпен кездесу Нұр-Мүбарак студенттері үшін асыға күткен шаралардан болды. «Жас ғалым» дінтанушы студенттер клубының ұйымдастыруымен сонау Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы шақырылған ғалым Мекемтас Мырзахметов бірден кездесу залына келді. Белгілі ғалым, еліміздің тарихына теңдессіз туындылар сыйлап жүрген Ислам Жеменей қадірлі қонақты жастарға жан-жақты таныстырып өтті. «Дінтану» кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Қалмахан Ержан осындай ел тарихында өлшеусіз үлесі бар ғалыммен кездесуге келген жастарға алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.

 

 

Ұлы тұлғаларды зерттеуге арнаған ғұмырдың жетістігі мен кедергілерінен сыр шертіп, Абай ұсынған «Кәміл адам» концепциясын түсіндірді. Бұл әлбетте дінді ұстанған мұсылманның жетістігі көркем ахлақ жайлы қазақша түсіндірме дегендей. Студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алып жатты.

Кездесуден соң құрметті қонақтарды университет ректоры, профессор Жуда Басюни арнайы қабылдап,  орасан алғысын білдірді. Жастарға үлгі болар, ақыл берер өздеріңіздей ғалымдарға Алланың нұры жаусын деп қазақы дәстүрмен шапан жауып естелік суретке түсті. Ақсақалын құрметтеген жастарға ризашылығын білдірді.

«Өздеріңіздей ел ағаларының барына, арамызда нар тұлғалы бейнелеріңіздің болғанына  шексіз алғыс», — деп, кездесуге келген ғалымдарға жастар атынан, ұйымдастырушылар «Жас ғалым» клубының жетекшісі  Әбіш Ерхан мен белсенді студент Қарлығаш Мақсұтбайлар алғыс айтып, қасиетті Құран аяттары жазылған естелікті шын жүректен тарту етті.

Ақсақалдардан ақыл сұрап, қарияларын құрметтеген, ғалымдарын ардақтаған  жастары бар елдің болашаққа деген сенімі де мол. Міне бұл кездесу сондай берекенің бір ғана дәлелі іспеттес.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар