Олжас ұстаз араб тілін үйренудің тиімді тәсілдерін ұсынды

26/12/2018

Нұр-Мүбарак университетінде Құран мен ғылым тілі араб тілін меңгеру алғашқы курстан басталатыны белгілі. Сондықтан...

Нұр-Мүбарак университетінде Құран мен ғылым тілі араб тілін меңгеру алғашқы курстан басталатыны белгілі. Сондықтан студенттер үшін тілді тезірек әрі тиімді тәсілмен үйрену – қашанда өзекті болып келеді. Осы орайда университеттің тәжірибелі оқытушыларының бірі, араб тіліне жетік, докторант Олжас Шаяхметов Тәрбие жәні дін істері бөлімі қыздар секторының ұйымдастыруымен өткен семинар сабақта араб тілін меңгеруге қатысты тәжірибесімен бөлісті.

Араб тілі әлемдегі ең күрделі тілдердің қатарына жатады әрі бұл тілді 22 араб елі ресми қолданады. Ғасырлар бойы ғылым тілі болып келген бұл тілде сан мыңдаған қолжазбалар, кітаптар сақталған. Қазақ еліне қатысты  көне тарихи қолжазбалар да араб тілінде. Сондықтан елімізде жаңадан дамып келе жатқан исламтану ілімін меңгеру үшін ғана емес, тарихи құндылықтарды зерттеу үшін де араб тілінің маңызы зор. Осы орайда,  тәжірибелі араб тілінің маманы Олжас Шаяхметов 2 жыл үзбей негізгі білім қорын қалыптастыру қажеттігін әрі білікті маман болу үшін бір деңгеймен тоқтап қалмай үнемі жаңа ақпараттар, жаңа біліммен толықтырып отыру қажеттігін айтты. Араб тілін меңгерудің артықшылығы, оны жоғары деңгейде  игеру үшін күнделікті қандай тәсілдерді қолдану қажеттігін бүге-шігесіне дейін түсіндірді.

Бұл университеттегі оқу бағдарламасынан тыс қосымша семинар-дәрістердің бірі. Студенттер де ерікті түрде қатысып, өздеріне өте пайдалы ақпараттар алғанын айтуда. Әрі болашақта мұндай қосымша дәрістердің қажеттігі жайлы ұсыныстар болды. Оқытушы-докторант Олжас Шаяхметовке  Тәрбие және дін істері бөлімі атынан маман Шынар Бақтиярова Алғыс хат табыс етіп, ризашылық білдірді.