Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесімен құттықтады

05/05/2018

Қос мереке қарсаңында Нұр-Мүбарак ұжымы ел амандығы мен заманымыздың тыныштығы үшін шүкіршілік білдіріп, тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін бар күш-жігерімен қызмет етуге дайын екендіктерін аңғартты.

 

Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Жуда Басюни:

  • Құрметті қазақстандықтар, әріптестер! Сіздерді Египет Араб Республикасының президенті Абдул-Фаттах Сиси мырза мен халқымыздың атынан Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнімен және осындай қадірлі мерекемен қатар келген Жеңіс мерекесімен құттықтаймыз. Бұл екеуі де қастерлі мереке. Себебі Отанның тыныштығы, бейбітшілік адамзат баласының асыл мұраттарынан. Отанды қорғау ол ата-анаңды, отбасыңды, ұрпағыңды қорғау. Ал халықты қайғыға батыратын соғыс атаулы ешқашан адамзатқа жақсылық әкелмеген. Қазақ халқы сондай сұрапылдың талайын басынан өткеріп, бүгінде бейбіт заманға қол жеткізді. Алла Тағала осы бақытты күндерді баянды етіп, бауырлас қазақ елінің тәуелсіздігінің тұғырлы болуына тілектеспіз, – деді мерекелік салтанатқа жиылған ұжымға.

Отан қорғаушылар күніне орай университеттің нәзік жандар қауымы ер азаматтарға құрмет көрсетіп, салтанатты шара ұйымдастырған болатын. Ұжымдағы ақ жаулықты ұстаздар бүкіл еліміздің имандылығы жолында шәкірт тәрбиелеуде орны ерекше университеттің арбасын алға сүйретуші ер азаматтарға алғыстарын жаудырды. Профессор Шолпан Борантайқызы:

 

  • Құрметті, ер азаматтар! Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен, Ұлы жеңіс мерекесімен құттықтаймыз. Қазақ халқы ер азаматты қашанда жоғары бағалап, құрметтей білген. Осы университетіміздің де өркендеп, күн сайын дамуы, шәкірттердің тағылымды маман болып қалыптасуы – білімді де білікті басшыларымыз бен ұлағатты ер азаматтардың өнегесі. Сондықтан әрдайым еліміздің қорғаны болар азаматтар аман болсын, ешқашан соғыс болмасын, – деп шынайы лебізін білдірді.

Ал кітапхана бөлімінің меңгерушісі Қалбибьі Бейісбек ханым:

 

  • Біз бала күнімізден Ұлы Отан соғысының зардаптарын сезініп, соғыстың азабын тартқан аға-апаларымызды, ата-әжелерімізді көзбен көріп өскен буынбыз. Бұл мереке сан мыңдаған халықтың қанымен, көз жасымен келген қуаныш. Сондықтан Отанымыздың тыныштығын күзететін қорғаушыларымыз, ер азаматтарымыз аман болсын. Жеңіс күні құтты болсын. Осындай бейбіт заманымыз баянды болсын, – деп тілек білдірді.

Проректор, профессор Шамшәдин Керім мырза:

  • Құрметті әріптестер, аяулы апа-қарындастар! Ілтипаттарыңызға көп рахмет. Отан баршамызға ортақ қастерлі мекен. Бүгінде Отанды тек ер азаматтар ғана емес, өздеріңіздей нәзік жандар да қатар қорғап, ат салысуда. Сондықтан бұл баршамызға ортақ мереке. Бұл әрі Жеңіс мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. 1941-1945 жылдардағы соғыс жағдайын шынайы сезінген буын ретінде кейінгі ұрпақтың ондай соғыс зардабын көрмеуін тілейміз. Еліміз аман, заманымыз тыныш болғай, – деп ер азаматтарға құрмет көрсеткен ұжымдастарға ер азаматтар атынан алғыс білдірді.

Осылайша көктемнің ерекше жайма-шуақ көңіл күйіндей болған қос мереке қарсаңында Нұр-Мүбарак ұжымы ел амандығы мен заманымыздың тыныштығы үшін шүкіршілік білдіріп, тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін бар күш-жігерімен қызмет етуге дайын екендіктерін аңғартты.