Өзбекстан Нұр-Мүбарак университетіне студенттер жіберуге ықыласты

07/03/2018

Ташкент ислам университеті арасында  келісімшарт жасалды

 

Нұр-Мүбарак университетінің әлеуеті күн санап артып келеді. Ресейлік делегацияның ізін ала бере  университетке  көрші  Өзбекстаннан  Ташкент ислам университетінің басшылығы арнайы келді. Негізгі мақсат: қазақстандық әріптестерінің тыныс-тіршілігімен танысып, екі жақты келісімшартқа отыру.

Ректор, профессор Жуда Басюни өзбекстандық делегацияны, яғни ТИУ ректоры, э.ғ.д., профессор Равшан Абдуллаев пен проректоры, т.ғ.к., доцент, исламтанушы Ибрагим Усмановты арнайы қабылдап, жалпы жағдайларын сұрасты. Оқу бағдарламалары мен ислам білімін дамыту жолдарын, екі оқу орнына қатысты ортақ та өзгеше жағдайларды талқылап, болашақ бірлікте дамытуға болатын мәселелерді талқылады. Қос қонақ университет кешенімен танысып, өздерінің асқан әсерлерін ашық айтты:

  • Көршілерімізден үлгі алатын жақтарымыз баршылық екен. Университеттің өте жақсы дамығаны анық көрініп тұр. Ташкент ислам университеті тұңғыш президентіміз Ислам Каримовтың бастамасымен 1999 жылы құрылса, Нұр-Мүбарак екі жылдан кейін ашылған екен. Сіздерде мысырлық ғалымдар, араб тілінің жетік меңгерілуі ерекше. Біздің елімізде қолжазба қоры жақсы жиналған. Соңғы уақытта соларды меңгеруге қатысты ғылыми-зерттеу орталықтары ашылып жатыр. Енді екі жақты келісімшарт арқылы ортақ дініміздің құндылықтарын дамытуда бірлікте боламыз деген ниеттеміз,-деді ТИУ ректоры, профессоры Равшан Абдуллаев.

 

Кездесу барысында  Нұр-Мүбарак ЕИМУ мен ТИУ арасында өзара ынтымақтастық келісімшарты жасалды. 5 жылға жоспарланған бұл құжат бойынша Өзбекстан тарапы Нұр-Мүбарак университетіне білім алуға шәкірттер жіберуге ықыласы зор. Әрі Қазақстан тарапының Өзбек еліндегі ортағасырлық қолжазбаларды зерттеуге мүмкіндіктері мол екендігі айтылды. Екі жақта университет ғалымдарының шығарған кітаптары ұсынылып, пікірлер айтылды. Сондай-ақ  ТИУ проректоры, доцент Ибрагим Усманов  Нұр-Мүбарак университетінің Оқу-әдістемелік бөлімінің жұмысымен арнайы танысты. Бөлім меңгерушісі Әли Әлмұхаметов оқу жоспарларын, ҚР БҒМ талаптарына сай  білім бағдарламаларымен  таныстырып, ортақ түйткілдер жайлы да талқыланды.

Екі тарап та бір-біріне естелік сыйлықтармен алмасып, құрмет белгісі ретінде ұлттық шапан  жапты. Ежелгі дәстүрді жаңғыртып, жаңа бағыт алған достықтан тек екі ел ынтымақтастығы ғана емес, Орта Азия аймағындағы ата дініміздің тарихын түгендеп, төл бағытымызды дамытуда зор ықпал етеді деген сенім мол.