Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Пандемия жағдайында онлайн форматта жұмыс істеу – ең оңтайлы шешім

20/04/2020

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің студенттері қашықтан оқу жүйесі бойынша 6 аптадағы сабақтарын бастады.Осы тұрғыда университеттегі онлайн оқу форматы туралы «Дінтану» кафедрасының  меңгерушісі мен кафедра оқытушыларының  пікірін білген едік.

PhD, қауымд.проф, Дінтану кафедрасының меңгерушісі Қалмахан Ержан: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың пандемия жағдайындағы шешіміне сәйкес, тек жоғары оқу орындары ғана емес, орта мектептер мен бірқатар сала да онлайн форматта жұмыс жүргізуге көшті. Бұл білім саласында бірқатар қиындықтарды туындатқанымен қазіргі жағдайдағы ең оңтайлы шешім және бірден-бір жол екенін ел азаматтары түсінді деп ойлаймын. Университет, оның ішінде кафедра жұмысы да онлайн форматына көштік. Кафедра мәжілісі, бөлім басшыларының жиналысы онлайн форматта жүріп жатыр. Бірақ ол қалыпты дағдымыздан, жылдық жоспардан және университеттің алға қойған миссиясынан ауытқытқан жоқ.

Жақында бакалавриат және магистратура бөлімінің білім алушыларына диплом және диссертация жұмыстарын алдын-ала қорғау жұмысы өтті. Қашықтан оқу технологиясын қолданып жүргенімізге бір айдың жүзі болып қалғандықтан айтарлықай қиындық туындатқан жоқ. Бітірушілер кафедра тарапынан құрылған комиссияның алдында өз жұмыстарын қорғап, диплом және диссертация жұмысына қойлатын талаптарға жауап беретіні қорғауға жіберіліп, жіберілмейтіндігі анықталды.

Университет қай заманда да білім ошағы болып қала береді. Сәт сайын ашылып жатқан ғылыми жаңалықтар нәубет заман мен қиын-қыстау кезеңнің қателіктерін кешірмейді. Біздің еліміз үздіксіз білім берудің жолына түскен. Сондықтан ҚР Білім және ғылым министрлігінің талаптары мен университеттің мақсатына сай жұмыс еш кідірусіз, жалғасын тауып жатыр».

Филос. ғ.д. проф. Қайрат Затов: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, наурыз айының 16-жұлдызынан бастап еліміздің жоғары оқу орындары қашықтан оқуға өткені белгілі. Сол уақыттан бері телеграмм және ZOOM қосымшалары және Platonus жүйесі арқылы дәріс жалғасын тауып келеді. Ол үшін дәріс материалдарын аталған қосымшаларға мерзіміне сай жүктеп, кері байланыс алып отырмыз. Өзім сабақ беретін пәндердің аудио және видео дәрістерін жүктеумен қатар, ZOOM арқылы тікелей дәріс беріп жүрмін. Әрине, аудиторияда тікелей, ғылыми әдістің әр түрін қолдану арқылы дәріс өткізудей болмасы анық. Бірақ өзіндік артықшылықтары да жоқ емес. Тағы бір мәселе қашықтан оқумен кітапхана пайдалану мүмкіндігі тоқтаған еді. Десек те мемлекеттегі жоғары оқу орындары жаппай қашықтан оқуға көшкен соң бірқатар кітапханалар өздерінің кітап қорларын электронды форматта ұсынып, біздің де, студенттердің де жұмысына біршама жеңілдік жасады».

Филос.ғ.к., доцент Базар Хамзеева: «Өзім сабақ беретін топтармен ғаламтор желісі арқылы байланысқа шығып отырмын. Тек қана өз дәрістерімнің аудио және видео нұсқаларын жүктеп қана қоймай, семинар сабақтарында студенттермен кері байланыс жасап, платонус жүйесіне бағалап жүрмін. Сонымен қатар оқу жылының аяқталып келе жатуына байланысты жетекшілігімдегі магистранттар мен студенттерді де қорғауға дайындау жұмыстарын қашықтан бақылауға көштім. Диссертация және дипломдық жұмыстарын қарап, қажетті сын-ескертпелерді де электронды түрде жіберіп жүрмін. Жалпы оқу жоспарына сәйкес жұмыс жүріп жатыр».

P.S.Еліміздегі төтенше жағдай кезінде Нұр-Мүбарак университеті оқытушылар мен студенттердің өмірін бірінші орынға қойып, қауіптің алдын алу үшін қашықтан білім беру жүйесіне көшті. «Дінтану» кафедрасының меңгерушісі мен кафедра оқытушыларының сөзіне сүйенсек, онлайн форматта білім беру барысында қиындықтар кездеспеген. Бүгінгі таңда аталған жүйенің артықшыларын меңгеріп отыр. Сондай-ақ университет оқытушылары үшін қандай жағдайда да студенттің білім алуы бірінші орында екенін атап өтті.

 

Ұқсас жазбалар