Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Проректор, доцент Қайрат Құрманбаев Түркияда өткен құрылтайда баяндама жасады

22/04/2019

Шетелде діни білім алушы жастардың жай-күйіне мемлекетіміз бей-жай қарамайтындықтан, жыл сайын арнайы сапар ұйымдастырылады. Биыл  Түркия Республикасында діни білім алушы 300-ден аса қазақ жастарының басын қосқан  «Түркияда оқып жатқан Қазақстандық дінтанушылар құрылтайында» қазақстандық делегация құрамында Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев қатысып баяндама жасады:

  • Бауырлас Түркияның дін мамандарын даярлауы, ғылым саласына баулуы Қазақстан үшін орасан көмек болғаны белгілі. Өйткені еліміздегі исламтану саласында ең алғаш ғылым докторлары осы Түркия елінде оқып, қорғағандар. Халық арасында кең тараған  ең алғашқы ислам ғылымхалдары да түркяилық теология саласы бойынша PhD докторлардың еңбектері. Нұр-Мүбарак университетіндегі исламтану саласы бойынша ең алғашқы отандық ғалымдар Түркиялық университет түлектері. Осының өзі Түрік елінің біздің дін, ғылым саласындағы бой түзеп, ой түзетін ілгері аға мемлекет екендігін көрсетеді, деді проректор Қ.Құрманбаев.

ҚМДБ-ның бірінші төраға орынбасары, наиб  мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев, Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерішісі Алтынбек Ұтысхан мырзалар қатысқан құрылтай тұңғыш рет өтуде.

Түркиядағы Қазақстан елшілігі, Түркия шет елдік түріктер және туысқан халықтар министрлігі, «Түрік бурслары» мемлекеттік мекемесі және Эрджиес университетінің ұйымдастыруымен Түркияның Қайсери қаласындағы Эрджиес университетінде өткен құрылтайда Түркия дін істері басқармасының, Түркияның 12 қаласындағы ЖОО-ның профессорлары, имам-хатиб лицейлерінде, дінтану факультеттерінің бакалавр, магистратура, доктарантурасында, білім жетілдіру және қайта оқыту курстарында білім алып жатқан 200-ге жуық дінтанушы жас мамандар  бас қосты деп хабарлайды www.muftyat.kz сайты.

Құрылтай барысында сөз алған Наурызбай Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың сәлемін жеткізіп, өз баяндамасында отандық ислами білім ошақтарын дамыту, асыл дінімізді насихаттау, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық, сыйластық пен рухани үндестікті нығайтуда, көрші мемлекеттермен қарым-қатынасты жақсартуда ел мүддесі мен болашағын ойлайтын білімді де білікті мамандардың маңызы жайында сөз қозғады. Елдегі діни білім және кадр даярлау саласында қол жеткізген жетістіктердің жалпы қорытынды есебіне тоқталып, жоғарғы және орта діни білім ордалары мен мешіт, медресе жұмыстарын жандандыру бойынша біраз ауқымды жоспарлардың қолға алынып жатқандығын баяндады.

Елбасымыздың «Жастар жылы» жобасы аясында жастарға рухани тәрбие беру, жастар арасында діни экстремизм мен радикализм идеяларының таралуының алдын алу,  ҚМДБ өкілдерімен бірлесе жұмыс жүргізу мақсатында шет елдік діни оқу орындарында білім алып жүрген Қазақстандық студенттер үшін ҚМДБ жанынан құрылған «Талаба» қауымдастығының ережелерімен таныстырылды.

Құрылтайдан кейін қазақстандық делегация Қайсери қаласындағы  жоғары діни білім академиясын бітіруші түлектердің салтанатты кешіне қатысты. Түлектер арасында қазақстандық 14 білім алушы бар және олардың құрамында проректор, доцент Қайрат  Құрманбаевтың шәкірттері де бар.

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар