Рамазанда нұрлана түскен Нұр-Мүбарак!

07/06/2017

Өткен жылы Рамазанда Құранды 6 рет толық хатым еттік. Биыл одан көбейтуді көздеп отырмыз дейді ұстаз Мадих Абдулла.

Айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айының да ортасына таяп қалды. Ал бұл айдың берекесі мен қасиетін кім қалай сезініп жүр? Егер Рамазанның шынайы рухын көргіңіз келсе, Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінің күнділікті тіршілігіне үңілуіңізге болады.

Бүгін Нұр-Мүбарак мешітіндегі әйелдер жамағаты кезекті Құран хатымын аяқтады. Елдің тілеуін тілеп, көптің амандығын Алладан сұраған ана-әжелер бүгінгі қасиетті Құранның хатым батасына ыждахаттылықпен қатысып, жүрек түкпіріндегі тілектеріне дейін Раббымыздан сұрап жатты. Оларға Құраннан жолбасшылық жасаушы Нұр-Мүбарак университетіне Мысырдан келген ғылым докторларының бірі, ұстаз Мадих Абдулла Абдулжәууәд Хасан Құранның сауатты оқуына жетекшілік жасап қана қоймай, тәпсір дәрістерін де қосымша өткізуде. Қасиетті Құран хатымының батасынан соң, Ораза айындағы құлшылықтардың артықшылығы, ықыласты құлдардың ерекшеліктерін, Алланың ең жақсы көретін амалдары жайлы жан-жақты аят-хадис, мысалдармен түсіндірді.

— Өткен жылы Рамазанда Құранды 6 рет толық хатым еттік. Биыл одан көбейтуді көздеп отырмыз дейді ұстаз Мадих Абдулла. Бұл ұсынысқа ақ жаулықты аналардың қуанышында шек жоқ.

Ал мешіттің ерлер бөлімінде мысырлық ғылым докторы Имад Мұхамед Әл-бәрғи Мұхамед Зағлул да жамағатпен тұрақты Құран оқуды жалғастыруда. Ал бесін намазынан кейін университетте қосымша білім алушы студенттер мен жамағатқа түрлі тақырыпта уағыздар айтылады. Ал кешкі ауызашарда күнделікті 500-дей адамға тегін кең дастархан жайылуда. Асхана қызметкерлерінің айтуынша ауызашарға студенттермен бірге қала тұрғындары, сондай-ақ университетке өзге облыс-аймақтардан оқуға тапсыруға келген талапкерлер де бар. Ауызашардан кейін, мешітте тарауих намазында бас имам, хафиз Құрмет Смағұловтың имамдығымен қасиетті Құран хатым етілуде. Тарауих намазындағы хатым Құран дұғасы жылдағыдай қасиетті Қадір түніне межеленуде.