Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Республикалық III медресе-колледжаралық олимпиада басталды

14/03/2018

Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде еліміздің 9 медресе-колледж шәкірттерінің арасында олимпиада басталды. Республикалық олимпиаданың ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының осымен 3 рет ұйымдастырып отырған білім сайысы  тек озат шәкірттерді ғана емес, медресе-колледждер деңгейін анықтауда маңызды шараға айналғаны белгілі.

Қасиетті Құранмен ашылған маңызды білім сайысының алғысөзінде ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қашанда жұмыла кететін университет басшылығына алғысын айтып, білім сайысына:

  • «Біз діни салада дәстүрге айналған елеулі іс-шараларымыздың бірі – медресеаралық олимпиада қарсаңында бас қосып отырмыз. Бұл – «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарды» анықтайтын айтулы білім сайысы. Біз «баласы атқа қонса, үйінде тақымын қысып отыратын», болатын балаға болыса білетін жанкүйер жұртпыз. Бүгінгі сайыста топ жарып, жүлделі орынды жұлып алатындарыңызға мен бек сенімдімін. Шәкірттер, сіздерге сәттілік тілеймін. Ал ұстаздарға: «Шәкіртке берген білім мен тәрбиеңіздің жемісін көріңіздер», – дегім келеді. Алла Тағала баршамыздың білімімізді арттырып, ілімнің хикметін сезінуді нәсіп еткей!» – деп жарысқа қатысушы шәкірттерге бата-тілегін берді.

Ректор, профессор Жуда Басюни мырза да ҚМДБ-сы ұжымына алғысын білдіріп, шәкірттерге сәттілік білдірді. Екі күнге созылатын олимпиадаға барлығы 72 үміткер, яғни 54 ер бала, 18 қыз шәкірттер білімдерін сарапқа салмақ. Олимпиада «Фиқһ және ақида», «Құран және тәжуид», «Араб тілі» бағыттары бойынша 2 турдан өтуі тиіс. 2 және 3 курс арасында үш бағыттың да жеңімпаздары өзара курс бойынша Бас жүлде үшін сынға түспек. Олар үш бағыт бойынша сауалдарға жауап беруі тиіс. 3 курс жеңімпазына Бас жүлде – Нұр-Мүбарак университетіне оқуға білім грантына қосымша 50 мың теңге, 2 курс бас жүлдегеріне умра қажылығы табыс етілмек.

Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, профессор Шамшәдин Керім ректор, профессор Жуда Басюнидің шешімімен олимпиада жеңімпаздарына жыл сайын  білім грантын тағайындалатынын жеткізіп, көпшілікті қуантып қойды. Тұсаукесер соңында наиб-мүфти, PhD доктор Алау Әділбаева Бас мүфтиден шәкірттерге бата сұрады. Барлық білім иелеріне сәттілік, олимпиаданың жемісті болуын тілеген Бас Мүфти Серікбай қажы Ораз еліміздің есендігі мен мемлекетіміздің тұғырлы болуын тіледі. Ақ батаны алған шәкірттер бірден білім сайысына кірісіп кетті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар