Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Бас мүфти Серікбай қажы ОРАЗ: Нұр-Мүбарак университеті – біздің мақтанышымыз!

19/01/2018

 

Бүгін Нұр-Мүбарак университетіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз арнайы ат басын тіреді. Осыған дейін ҚМДБ төрағалығына жаңадан сайланған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз университет ректоры мен проректорын қабылдағаны белгілі. Ал бұл арнайы сапар әсіресе, шәкірттерге ерекше тағылымды әсер қалдырды.

Бас мүфти әуелі университет басшылығымен кездесіп, оқу орнының тыныс-тіршілігі мен алдағы жоспарлары жайлы тағы да пысықтап өтті. Ал ресми қабылдаудан соң шәкірттер мен ұстаздар қауымымен жүздесуге жалғасып кетті. Қасиетті Құранмен басталған салтанатты шарада екі ел әнұраны орындалды. Ректор, профессор Жуда Басюни  ҚМДБ-ның үнемі Нұр-Мүбарак университетіне қамқоршы екендігіне тоқтала келе, төраға Серікбай қажы Сатыбалдыұлына жаңа қызметте сәттілік пен Алланың қолдауын тілеп, университетке жанашырлығына зор алғыс білдірді. Ал сөз басында осындай білім ордасында алыстан ат арытып қызмет етіп жүрген араб ғалымдарына Құран тілінде ерекше алғысын білдірген Бас мүфти Серікбай қажы Ораз университеттің даму жолына шолу жасап, сөзін мемлекеттік тілде жалғастырды.

 

 

  • Халықаралық деңгейде өз орнын белгілеген Нұр-Мүбарак университеті – біздің мақтанышымыз! Бұл білім ордасы елімізде нағыз  исламды, білім жолын қалыптастырушы ғана емес, елдер арасындағы ынтымақты арттырған алтын шаңырақ,-дей келе Бас мүфти білімнің артықшылығына ерекше тоқталды.

Шәкірттер үшін ғана емес, күллі қатысушыларға білім жайлы насихаттың маңызы зор болды деуге болады. Бұл қазіргі материалдық мүдде күшейген кезеңде  білімнің артықшылығы жайлы мәліметтер ерекше мотивация болғаны сөзсіз. Ал «білім иесінің ұстаздарға деген құрметі қандай болу керек?»- деген сауал да Бас мүфти сөзінен тыс қалмады.

 

  • Ұстазға құрмет көрсете білген адамға ілім де қонымды әрі хайырлы болады,-дей келе сахабалардан бастап, Имам Ағзам Әбу Ханифаның ұстаздарына деген құрметтерінен тағылымды әңгімелер келтірді.

Құнды да маңызды насихатқа толы Бас мүфти Серікбай қажы Ораз мырзаның сөзі мемлекет, ел үшін маңызды мәселелерге ойысты.  Бүгінгі имамдар мен дін мамандарының әлеуеті, мешіттердің міндеті, мемлекет алдындағы жауапкершілік, барлығына тиянақты тоқталды. Сондай-ақ Нұр-Мүбарак университетінің жұмысын жетілдіре түсу мақсатында арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеп, оның құрамымен таныстырды.

Сөз соңында Бас мүфти Серікбай қажы Ораз университеттің әр түлегі тұлға ретінде қалыптасып, жамағат деген киелі ұғымды ел бірлігі жолында жұмылдыруға үндеді. Себебі мемлекет алдындағы жауапкершілік, ел тұрақтылығы мен бірлігі аса маңызды дей келе, ҚМДБ-ның негізгі мақсаты да мемлекет тұтастығына қызмет ету екендігін баса айтты.

Дінбасының арнайы келіп, шәкірттермен, ұстаздармен жүздесіп, салиқалы сұхбат жасағанына ризашылығын білдірген университет басшылығы Бас мүфтиге естелік ретінде  ұжымның шығарған «Арабша-қазақша» сөздігін сыйға тартты. Бас мүфти де жиылған қауымға ақ батасын беріп, ел болашағы үшін мақтаныш тұтатын түлектер көбеюіне тілеулестігін білдірді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар