Сеул Ұлттық университетінің ғалымдары Нұр-Мүбаракта

05/05/2017

Тарихшы ретінде руханиятты, қазақ халқының діни ұстанымын зерттеуді маңызды деп түсіндік,-дейді корей ғалымдары.

 

Оңтүстік Кореяның бір топ тарихшы ғалымдары осы жұмада „Нұр-Мүбарак„ университетіне арнайы келді. Мақсаттары Қазақ еліндегі ислам дінінің тарихы, қазіргі жағдайымен жіті танысу. Өздерін Сеул Ұлттық университетінің қызметкерлері, тарихшымыз деп таныстырған ғалымдар Орта Азиядағы ислам діні жайлы соңғы екі жылдан бері зерттеуді қолға алыпты.

Нұр-Мүбарак„ ректоры, профессор Жуда Басюнидің арнайы қабыладуында болған корейлік ғалымдар делегациясы Қазақстандағы ислами оқу орнының өздерін жылы қарсы алғанына зор алғыс білдірді. Сондай-ақ, орта ғасырлық тарихи қолжазбаларды ғылыми айналымға ендіруші көрнекті ғалымдардың бірі проректор, профессор Шамшәдин Керім мырзамен кездесу кәріс ғалымдары үшін мол қазынаға жолыққандай әсер берді. Өздеріне қажетті мәліметтерді анықтап, ғылыми зерттеулеріне тың деректер тапқанына қуанған Сеулден келген зерттеушілердің сұрақтары да көп екен. Оқу бөлімінің меңгерушісі Әли Әлмұхамедов мырза қонақтарға еліміздегі бірегей ислами оқу ордасының білім беру жүйесімен танысытырып өтті. Корей делегациясы университеттің ғимаратымен, әсіресе, кітапхана, оқу залдарының жұмыстарымен танысты.

Исламтану„ кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Шамшәт Әділбаева ханыммен жүздесіп, исламтанушылар мен имамдардың дайындалу барысымен, көкейлеріндегі сан түрлі сауалдарға, қоғамдағы жағдайларға да байланысты жеке көзқарастарын сұрады. Мәселен, мектепте хиджаб кию мәселесі, Алматы көшелерінде көрген жас қыздардың орамал тағу үлгілеріне қатысты ғылым докторының пікірі қызықтырғанға ұқсайды.

Қазақ даласындағы ислам дінінің даму сатыларын тиянақты біле бастаған кәріс тарихшылар Кеңес дәуіріне дейінгі және атеистік кезеңдегі, Сталин, Хрущев саясаттарының зардаптары, тәуелсіздіктен кейінгі уақытты өзара бөліп алған екен. Соған сәйкес, университет жанындағы Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының директоры, доцент Алау Әділбаев мырзамен жеке кездесіп, сұхбаттасты.

Біздің елге сапарлары алдында өзбек елінде, Ташкентте болған зерттеушілер: „Қазақстанда едәуір еркіндік байқалады. Бұл өте жақсы„-деген ойларын айтып қалды. Сондай-ақ, ең әуелі Астанадан басталған сапарлары Түркістан, Тараз қалаларында жалғасыпты. Соңғы аялдамасы Алматы қаласы екен. Қазақ елін аралай келе көкейлерінде көп сауал жиылғанға ұқсайды. Соның бірінде:

— Тараз қаласына барғанымызда көлемі шағын тарихи ғимараттарға ұқсас үйлерді көрдік. Әуеліде „Мешіт те осындай кішкентай болады ма?„- деп таң қалдық. Сұрастырсақ, ол бейіттер екен. Біз аралаған мұсылман елдерінен ондай көрініс көрмедік. Ташкентте де байқамадық. Сонда неге сіздерде бейіттерді қалашыққа айналдырған?„ деп таңданыстарын ірікпей жеткізді. Бұл мәселеге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасын айта келе, халқымыздың ертедегі көшпелі дәстүрі, қиын кезеңдерді жиі бастан кешіруі мен дінімізден ажырап қала жаздаған жағдайларға қатысты жағдаяттармен жан-жақты түсіндірдік. Корей зерттеушілерін Тараз қаласындағы „Тектұрмас„ деп аталатын мавзолейге ағылған адамдардың көрінісі де қайран қалдырыпты. „Мавзолей ғимараты көне тарихи ескерткішке де ұқсамайды, небәрі 2010 жылдары ғана салыныпты. Соған қарамастан ол жерге халық не үшін барады?„-деп кәріс ағайындар мүлдем басқа әлемге тап болғандай күйлерін аңғартты. Олардың тағы қызығушылығы Алматы қаласында корей ұлты азаматының салған мешітіне қатысты болды. Бір күннен кейін еліне аттанатын зерттеушілер уақыт тауып „Байкен„ мешітін көруге ниет білдірді.

Жаңа танысқан, сәлемдескен адамына ілтипатпен иіле сәлем беретін корейлік ғалымдардың амандасуының өзінен жоғары мәдениет аңғарылып тұрады екен. „Бізде Орта Азия елдері, соның ішінде Қазақстанның экономикалық, мәдени т.б. жақтарын зерттеуде. Бұл болашақта ынтымағымызды арттыруда маңызы зор. Сондықтан біз тарихшы ретінде руханиятты, қазақ халқының діни ұстанымын зерттеуді маңызды деп түсіндік„,-деді олар. Төрт зерттеушінің үшеуі протестант, біреуі буддалық сенімде екен.

Оңтүстік Кореяда ең алғашқы мешіт 1969 жылы санылыпты. Бүгінде 15 мешіт, 80 намазханаға жеткен мұсылмандар ғибадатханасына негізінен сауда-саттықпен, кәсіппен барған шет елдіктердің үлесі басым деді кореялық қонақтар.

Қазір әлем Орта Азияға, әсіресе, Қазақстанға көз тігуде. Оған осындай зерттеушілердің қызығушылығы дәлел. Ал біз өзгені айтпағанда, өзіміздің төл тарихымызды, ата-бабаларымыздың том-том қолжазбаларымен танысуда там-тұмдап қана енді-енді қолға алудамыз…