Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

«Smart Student» жеңімпаз тобының Өзбекстанға саяхаты – тың ойларға жетеледі

19/06/2019

 

Орта Азиядағы ислам дінінің өркен жайған мекендерінің бірі көрші өзбек елі болғандықтан  Нұр-Мүбарак университетінде өткен «Smart Student» мегаойынының басты жеңімпаздарына университет басшылығы Өзбекстанның тарихи орындарына саяхат жасауға жолдама берді.

  • Жеңімпаз студенттерді ынталандырып, алдағы оқу жылына жаңадан мотивация болсын деп біз Өзбекстанға саяхат жасауына университет атынан мүмкіндік жасадық. Себебі бұл тарихымыз тұтас, тамырымыз бірге тартылған көрші елмен етене танысу ғана емес, ислам дінінің туын тіктеген Тәшкен, Бұхара, Самарқан шаһарларындағы тарихи жәдігерлерді студенттеріміз көзбен көріп, көңілдеріне жаңа, тың идеялар түйсін деген ниетіміз болды,- дейді проректор, доцент Қайрат Құрманбаев.

Университет басшылығының  жемісті ойлары  жеңісті бастамаларға себеп болғанын шағын сапардан-ақ аңғаруға болады. Сананы сәулелендірген сапар жайлы әлеуметтік желілерге жарыса жазған жеңімпаздар: «Көкейдегі түрлі эмоция сапырылысып жатыр. Қалай бастарымды да білмей отырмын. Түсім бе, өңім бе, әйтеуір, бір керемет саяхат болғаны анық  Самарқанда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мүбәрак тәнін жуған алты сахабаның бірі Қусам ибн Аббастың басына бару нәсіп болды. Әлем тарихындағы 10 ірі империяның бірін құрған Әмір Темір де осы қалада сопы ұстазының аяқ тұсында жатыр. Немересі Ұлықбектің медресесі мен Жалаңтөс бабамыз жалғызсырамасын деп қасына соғып қойған қос медресе, әлемге әйгілі Самарқан регистанының бас көркі, қаланың негізгі символы Ұлықбек обсерваториясын да көзбен көрдік…» деп жарыса жазып жатты.

Әуелі рухымызды серпілдіп, мотивация берген «Smart student» сайысын өткізуге жағдай жасаған Нұр-Мүбарак университетінің вице-ректоры, доцент  Қайрат Құрманбаев ұстазымызға, сайысты жоғары дәрежеде ұйымдастырған жантанушы-оқытушы Шұғыла Дуанаева апайымызға, «Исламтану» кафедрасы, жалпы университет имиджин қалыптастыру үшін талмай еңбек етіп жүрген Мәжит Жүнісбеков, т.б. бізге естен кетпес саяхат сыйлағын барлық жандарға алғысымыз шексіз,-деп олар өз ризалықтарын ашық жазып жатты.

Осылайша бабалардың ізімен  тарихи сүрлеулерді  жаңғыртып, жаңа жобаларға ой түйген жеңімпаз жастар елге жаңа серпінмен оралды.

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар