Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Студенттер еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар жайлы ҚР Агенттік өкілімен кеңінен талқылады

07/03/2019

Елімізде жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық, парақорлық – ең өзекті мәселелерден екені белгілі. Бұл кез келген иманнан алыс, жемқорлық пен парақорлықтың тыйым салынған үлкен күнәлар қатарынан екеніне иланбаған қоғамға тән кесел. Сондықтан осы мақсатта елімізде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызмет етуде. Нұр-Мүбарак университеті елімізге ислам, дін мамандарын даярлайтындықтан, барлық жағынан таза, өнегелі білім ордасы болса да студенттердің жан-жақтылығын арттыру мақсатында агенттіктің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалинмен кездесу ұйымдастырылды.

Оқу-әдістемелік басқарма басшысы филос.ғ.к., доцент Жалғас Сандыбаев мәртебелі қонақты студенттерге таныстырған соң, Арман Бердалин параның зарары, қоғамға тигізер зардабы жайлы сөз бастап: «Қоғам түзелу үшін әуелі өзіміз түзелуіміз қажет», — деп, сөз соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Студенттердің де сұрағы сан-салалы болды. Әсіресе «Көбіне түрлі мемлекеттік мекемелерге тексеруге барғандардың жағдайы бармақ басты, көз қыстымен аяқталып жататыны жасырын емес…», — деп басталған сауалына Арман Бердалин мырза «Бізге  ешкім пара ұсына қойған жоқ, егер олай болса, қаржысымен қоса ол адамның өзін де ала кетеміз», — деп елді бір күлдіріп алды.

Студенттер тек еліміздегі ғана емес, әлемдік тәжірибедегі жемқорлықпен күрес мәселелері, тіпті мемлекеттік қызметтегі ақынның жеке шығармашылығына да қатысты сауалдарына жауап алып жатты. ҚР МҚІСЖҚІҚ агенттігінің департамент қызметі, физикалық тұрғыдан мүмкіндіктері жайлы да айтылды. Департамент директоры Арман Бердалин Нұр-Мүбарак университеті студенттерінің тек дінмен ғана шектелмей жан-жақты сауаттылығына ризалығын білдіріп, білім жолында ыждаһаттылық пен сәттілік тіледі.

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар